Ташкентте ОААЭЫ-ның кезектегі конференциясы өтеді
Конференцияда аймақтағы интеграциялық процесті тереңдету, осы бағдарлама аясындағы ынтымақтастықты дамыту тетіктері талқыланатын болады.
Қарашаның 14-і күні Ташкенттегі «Hyatt Regency Tashkent» қонақүйінде Орталық Азияның аймақтық экономикалық ынтымақтастығының (ОААЭЫ) министрлер дәрежесіндегі конференциясы өтеді.
Өзбекстан Республикасының Инвестициялар және сыртқы сауда министрлігі мен Азия даму банкімен бірлесіп ұйымдастырылып жатқан шараға ұйымға мүше мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатыса тын болады. Сонымен қатар бұл шарада құрметті қонақ ретінде - Азия даму банкінің президенті Т. Накаоның да қатысуы күтілуде.
Келесі аптаға өтуі жоспарланған бұл конференцияда, аймақтағы интеграциялық процесті тереңдету, осы бағдарлама аясындағы ынтымақтастықты дамыту тетіктері талқыланатын болады.
Еске сала кетсек, Орталық Азияның аймақтық экономикалық ынтымақтастығы (ОААЭЫ) бағдарламасы Азия даму банкінің бастамасымен 1997 жылы аймақтық және көпжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мақсатында құрылған болатын. Қазірде бұл ұйымға Ауғанстан, Әзірбайжан, Қытай, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Пәкістан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан елдері мүше.