Ташкентте Корея халықаралық ынтымақтастық агенттігі – KOIСA 2022 жылғы стипендиясының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Корея Республикасының Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ким Хисанг, KOIСA-ның Өзбекстандағы кеңсесі директоры Пак Сунжин, Инвестициялар және сыртқы сауда министрлігінің Корея Республикасымен стратегиялық ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары Рухилло Зикриллаев, түлектер мен биылғы шәкіртақы иегерлері қатысқан шара барысында Өзбекстандағы KOIСA-ның қызметі, сондай-ақ стипендиялық бағдарламаны іріктеу барысы туралы толық ақпарат беріліп, биылғы жылдың қорытындысы жарияланды.
Биыл Өзбекстандық 166 үміткердің арасынан 28 мемлекеттік қызметші Корея Республикасының беделді жоғары оқу орындарында магистратурада, 1 адам докторантурада оқуға іріктеп алынды. Айта кету керек, 2022 жылы стипендиаттардың саны ең жоғары көрсеткішке жетті. Яғни, 2021 жылғы 12 адаммен салыстырғанда 2,5 есеге өсті.
[gallery-8230]
Байқау жеңімпаздары енді Кореяда мемлекеттік басқару, энергетикалық саясат, гендерлік теңдік, цифрлық инновация, қаржы және салық саясаты, электронды үкімет, білім және денсаулық саясаты сынды салаларда білім алатын болады.
Елші Ким Хисанг стипендиаттарды осы үлкен жетістікпен құттықтап, алдағы оқулары мен жұмыстарына сәттілік тіледі. Рухилло Зикриллаев KOIСA стипендиялық бағдарламасының түлегі ретінде қазіргі тәжірибесімен бөлісіп, талантты жастар осы мүмкіндікті пайдаланып, болашақта өз саласының кемел маманы болып оралады деген сенім білдірді. Конференция барысында осы білім беру бағдарламасы арқылы оқудан оралған түлектер жаңа студенттерге тәжірибесімен бөлісіп, Кореядағы білім беру жүйесі және өмір салты туралы айтып берді.
Айта кетейік, KOIСA стипендиялық бағдарламасының іріктеу кезеңі жыл сайын ақпан-наурыз айларында басталады. Конкурсқа үкімет ұсынған барлық мемлекеттік ұйымдардың қызметкерлері, мектеп мұғалімдері, банк қызметкерлері өтініш бере алады. Оқу ақысына байланысты барлық шығындарды KOIСA өтейді.
Ғ.ХОННАЗАРОВ,
О.МИРСОАТОВ (сурет), ӨзА