Экологиялық технологиялар көрмелері – қоршаған ортаны қорғау мен тұрақты дамуға бағытталған ғылыми, техникалық және инновациялық жетістіктерді жұртшылыққа таныстыруға арналған маңызды алаң саналады.
Осыған орай, Ташкенттегі «CAEx Uzbekistan» көрме кешенінде «Eco Expo Central Asia 2025» халықаралық экологиялық технологиялар көрмесі өз жұмысын бастады.

Айта кету керек, бұл көрме – Өзбекстанда тұңғыш рет өткізіліп жатқан және Орталық Азиядағы ең ауқымды экологиялық көрме болып табылады. Шараға 30-дан астам елден 3 мыңға жуық қатысушы жиналды. Көрмеде алдыңғы қатарлы «жасыл» технологиялар, қалдықтарды басқару, су ресурстарын үнемдеу және жаңартылатын энергия көздері саласындағы үздік шешімдер ұсынылуда.

— Бүгінгі көрме — бұл жай ғана технологиялар шеруі емес, бұл – өңірлер, салалар мен мемлекеттер арасындағы терең ынтымақтастықтың бастау нүктесі, — деді Экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттық өзгерістер министрі Азиз Абдуҳакимов. — Өзбекстан Орталық Азияда экологиялық технологияларды ілгерілету бойынша өңірлік платформаға айналуға дайын екенін ерекше атап өткім келеді. Қазіргі жаһандық экологиялық сын-қатерлер жедел және үйлестірілген әрекетті талап етеді. «Eco Expo Central Asia 2025» көрмесі жаңа тәсілдер қалыптасатын, климат пен экология мәселелеріне шешімдер ізделетін маңызды алаңға айналады деп сенеміз.


Көрме барысында энергия үнемдейтін, қалдықтарды қайта өңдеуге арналған, су мен ауаны тазартатын заманауи жабдықтар таныстырылады. Бұл іс-шара арқылы түрлі елдер мен компаниялар өздерінің экологиялық инновацияларын көпшілікке ұсынатын болады.