2022 жыл 25-26 шілдесі күндері Ташкент қаласында «Ауғанстан: қауіпсіздік және экономикалық даму» тақырыбында халықаралық конференция өтеді.
Бүгінде ауған халқы ауыр әлеуметтік-экономикалық дағдарысты бастан кешіруде. Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік бағдарламасының мәліметі бойынша, бұл ретте ел халқының 90 пайызы тойып тамақтанбайды, 23 миллион ауғандық ашаршылықтың шегінде өмір сүріп жатыр. «Балаларды құтқару» халықаралық ұйымы елдегі 1,1 миллион бала аштықтың ең ауыр деңгейіне тап болғанын атап өтті.
Алдағы аптаның 25-26 шілдесі күндері Ташкентте Президент Шавкат Мирзияевтің бастамасымен «Ауғанстан: қауіпсіздік және экономикалық даму» тақырыбында халықаралық конференция өтеді. Конференцияда осы елдің тұрақты бейбітшілігі мен қауіпсіздігіне қол жеткізуге бағытталған бірқатар маңызды мәселелер қарастырылады.
Басты мақсат – Ауғанстандағы гуманитарлық дағдарыстың алдын алу шараларын әзірлеу, соғыстан кейінгі ұлттық экономиканы қалпына келтіруге көмектесу, көпұлтты ауған халқының және бүкіл әлемнің игілігі үшін бұл елді аймақтық ынтымақтастық үдерісіне тарту.
Конференция жайында
Алқалы жиынға Ауғанстан мәселесін шешуге тікелей қатысушы Еуропа, Америка, Таяу және Орта Шығыс, Азия-Тынық мұхиты аймағы, Орталық және Оңтүстік Азия елдерінің Ауғанстан бойынша арнайы өкілдері, халықаралық және аймақтық ұйымдардың жетекшілері мен сарапшылары, жетекші талдау орталықтары мен Ауғанстан Уақытша үкіметінің делегациясы тұңғыш рет бір ортаға жиналмақ.
Екі күн ішінде әртүрлі іс-шаралар – Ауғанстанды әлеуметтік-экономикалық қалпына келтіруге, ауған халқының қазіргі және болашақ ұрпақтарының көптен күткен бейбіт өмірін қамтамасыз етуге бағытталған инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланады.
Басты мақсат – Ауғанстан бағытында халықаралық қоғамдастықтың біртұтас және тиімді диалогын орнату, атап айтқанда, халықаралық лаңкестікке қарсы күрес саласында ортақ ұстанымды қалыптастыруға көмектесу, Ауғанстан жері мен көршілес елдер, сондай-ақ Ауғанстанның қазіргі билігі арасындағы сындарлы диалогтың жолдарын іздеу.
Сарапшылардың пікірінше, Ташкентте өтетін форум Ауғанстанда бейбітшілік пен тұрақты дамуға қол жеткізудің маңызды шарты ретінде танылып отыр.
Диалог барысында басты назар Ауғанстанның Уақытша үкіметінің халықаралық қауымдастықтың келесі негізгі талаптарын орындауына аударылады:
- біріншіден, Ауғанстан жерінің халықаралық лаңкестік ұйымдардың тұрақты баспанасына айналуына, ел аумағын көрші елдердің және әлемнің басқа елдерінің қауіпсіздігіне қатер төндіретіндей пайдалануына жол бермеу;
- екіншіден, Ауғанстандағы ұлттық келісімнің басты шарты ретінде ауған қоғамының барлық қабаттарының өкілдерінен тұратын үкімет құру, адамдар, әсіресе әйелдер, сондай-ақ барлық этникалық және діни топтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету.
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзияевтің бастамасымен осы жылдың 11 шілдесінде қабылданған БҰҰ Бас Ассамблеясының Орталық және Оңтүстік Азия арасындағы өзара тәуелділікті нығайту жөніндегі арнайы қарарында Ауғанстанның халықаралық бейбітшілік, қауіпсіздік және тұрақты дамуын қамтамасыз етудегі маңыздылығы ерекше атап өтілді. Мемлекет басшысының бұл маңызды бастамасы осы конференцияның қорытынды нәтижесі ретінде жүзеге асады деп күтілуде.
Өзбекстанның Ауғанстанның даму жолындағы рөлі...
Өзбекстан Ауғанстанға қатысты дәстүрлі түрде екі елдің ұлттық мүдделерін, халықаралық құқықтың жалпыға танылған қағидаттары мен нормаларын ескере отырып, достастық саясатын жүргізіп келеді. Ташкент әрқашан көрші елдің егемендігін, тәуелсіздігін және аумақтық тұтастығын құрметтейді.
Өзбекстан көрші достас Ауғанстан жерінде тұрақты бейбітшілік орнатуды жақтайды және бұл үдерісті Орталық Азия аймағында тұрақты дамуға қол жеткізудің маңызды шарты деп санайды.
Бұл конференция «Бейбітшілік үдерісі, қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық және аймақтық әріптестік» тақырыбында 2018 жылғы 27 наурызда өткен Ауғанстан бойынша жоғары деңгейдегі Ташкент халықаралық конференциясының және 15-16 шілдеде өткен «Орталық және Оңтүстік Азия: аймақтық өзара тәуелділік. Қауіптер мен мүмкіндіктер» тақырыбындағы Ташкент халықаралық конференциясының жалғасы.
Осы тұрғыдан алғанда, 20-дан астам мемлекет пен халықаралық ұйымдардың қатысуымен өтетін шара Өзбекстанның Орталық Азиядағы қауіпсіздікті, бейбітшілікті және тұрақты дамуды қамтамасыз ету, Ауғанстанды лаңкестік пен соғыстан ада тыныш, гүлденген елге айналдыру жолында бағытталған тұрақты күш-жігерінің құрамдас бөлігі болып табылады.
Халықаралық конференция бұхаралық ақпарарт құралдарында кеңінен жарияланады
Мұндай ірі саяси оқиғаға отандық және шетелдік БАҚ-тың ерекше назар аударуы заңдылық. Сондықтан конференцияны кеңінен қамтуға байланысты шаралар конференцияның бағдарламалық жоспарына басты мақсаттардың бірі ретінде енгізілген. Өйткені, Өзбекстан Республикасының Ауғанстанға қатысты саясатының маңыздылығын қалың жұртшылыққа жеткізу тақырыптың мәнін терең түсінуге қызмет етеді.
Бехруз Худойбердиев ӨзА