Ташкент қаласында өтіп жатқан Ауғанстан бойынша халықаралық конференцияға қатысушыларына Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияев мәлімдеме жасап, былай деді:
– Әмударияның арғы бетінде тыныштық болмаса, Өзбекстанда да, Орталық Азия аймағында да қауіпсіздік пен тұрақты дамуға қол жеткізу мүмкін емес. Ауғанстанның халықаралық аренада оқшаулануы гуманитарлық жағдайдың одан әрі нашарлауына әкеледі, сондықтан оған жол бермеу керек. Біз миллиондаған адамдардың тағдыры туралы айтып отырмыз.

Мемлекеттік басқаруда ауған қоғамындағы барлық тап өкілдері кеңінен қатысатын құрылымды қалыптастыру, адам, әсіресе әйелдердің, барлық ұлттық және діни топтардың негізгі құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету Ауғанстанда ұзақ мерзімді бейбітшілік орнатудың іргелі негізі болып қала береді.

Біз Ауғанстанның қазіргі үкіметін лаңкестіктің барлық нысандары мен көріністерінің келеңсіз жағдайларының алдын алу және олармен күресу, барлық халықаралық лаңкестік ұйымдармен байланыстарды толығымен үзу үшін берік ерік-жігер танытып, түбегейлі шаралар қабылдауға шақырамыз.
Б.Худайбердиев,
У.Махмирзаев,
Н.Хайдаров (сурет), ӨзА