Ташкент халықаралық инвестициялық форумы биыл бесінші рет өтеді
2026 жылғы 16–19 маусым күндері Ташкент қаласында 5-мерейтойлық Ташкент халықаралық инвестициялық форумы 2026 (ТХИФ-2026) ұйымдастырылады.
Аталған форум Орталық Азиядағы ең ірі инвестициялық алаңдардың бірі болып саналады. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен инвесторлар, үкімет өкілдері, халықаралық қаржы ұйымдары мен жаһандық бизнес көшбасшылары қатысады.
Мерейтой ретінде өтетін форум 2025 жылғы маусым айында өткен IV Ташкент халықаралық инвестициялық форумының маңызды жалғасы болмақ.
Айта кетейік, өткен жылғы форумға 97 мемлекеттен 8 000-нан астам қонақ қатысты. Оның ішінде 3 000-ға жуық шетелдік азаматтар келген. Бағдарлама аясында 150-ден астам халықаралық спикердің қатысуымен 36 панельдік сессия өтті.
Форум қорытындысында жалпы құны 30,5 миллиард АҚШ долларынан асатын инвестициялық келісімдер мен сауда шарттарына қол қойылған болатын.