Ташкент пен Қазан қалалары арасындағы теміржол байланысы қайта іске қосылды. Осылайша, екі шаһарды жалғаған жолаушылар пойызы ұзақ үзілістен кейін қайта жолға шықты.
21 желтоқсан күні Ташкент орталық вокзалынан 315/316 нөмірлі «Ташкент – Қазан – Ташкент» бағыты бойынша жолаушылар пойызы алғашқы сапарына аттанды.
Бұл туралы Көлік министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ресми мәліметке сәйкес, пойыз аптасына бір рет бекітілген кесте бойынша қатынайды. Құрамы 7 вагоннан тұратын пойыз бір мезетте 342 жолаушыны тасымалдауға лайықталған. Жолаушыларға сапар барысында қауіпсіз әрі қолайлы жағдайлар жасалған.

Билеттерді теміржол кассаларынан, сондай-ақ ресми веб-сайт арқылы онлайн сатып алуға болады. Бұл бағыттың ашылуы Өзбекстан мен Ресей арасындағы көлік байланыстарын нығайтып қана қоймай, жолаушылар үшін сапар мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Жаңа бағыт бойынша қозғалыс төмендегі кесте негізінде орындалады:
315-нөмірлі «Ташкент – Қазан» жолаушылар пойызы:
- Ташкент орталық вокзалынан жөнелу — жексенбі, 23:55;
- Қазан вокзалына келу — сәрсенбі, 13:47.
316-нөмірлі «Қазан – Ташкент» жолаушылар пойызы:
- Қазан вокзалынан жөнелу — бейсенбі, 10:33;
- Ташкент орталық вокзалына келу — жексенбі, 04:32.
