10–13 қыркүйек күндері Ташкент және Самарқанд қалаларында «Декларациялар диалогы» II халықаралық форумы ұйымдастырылады.
Аталған жиын Өзбекстан Республикасының Президенті жанындағы Стратегиялық және аймақаралық зерттеулер институты (СМТИ) мен АҚШ-тың «Love Your Neighbor Community» (LYNC) үкіметтік емес ұйымы серіктестікте, Дін істері жөніндегі комитет, Ислам өркениеті орталығы, Сыртқы істер министрлігі және Самарқанд облысы әкімдігінің қолдауымен өтпек.
Іс-шара 2022 жылы Ташкент, Самарқанд және Бұхара қалаларында өткен форумның қисынды жалғасы саналады. Ол БҰҰ Бас Ассамблеясының 76-сессиясында ресми құжат ретінде танылған Бұхара декларациясының қабылдануымен аяқталған еді.
2016 жылдан бері Марракеш, Мекке, Джакарта, Потомак, Пунта-дель-Эсте сынды қалаларда өткен осы бағыттағы жиындар ағартушылық, діни еркіндік пен төзімділік мәдениетін алға тартқан беделді халықаралық алаңға айналды. Әрбір форум өз атауындағы декларацияның қабылдануымен қорытындыланған.
Өзбекстанда форум алғаш рет 2019 жылы өткен болатын. Сол уақыттан бері бұл басқосу дүниежүзілік қауымдастыққа өзбек халқының бай мәдени-тарихи әрі діни-философиялық мұрасын, елдің конфессияаралық келісім, діни төзімділік, достық пен өзара түсіністік орнатудағы тәжірибесін паш ететін беделді халықаралық жиын мәртебесіне ие болды.
Бұл жолы елімізге АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Индонезия және Орталық Азияның барлық мемлекеттерін қамтыған 15 елден 50-ге жуық жетекші дінтанушы, теолог-ғалым, сарапшы және жоғары лауазымды тұлғалардың келуі күтілуде.
Форум соңында әлемдік қауымдастыққа арналып Қорытынды Үндеу қабылданады. Бұл маңызды құжатта діни азшылық құқықтарын қорғау, діни сенім негізінде кемсітуге жол бермеу, діни ағартушылықты зорлықшыл экстремизмге қарсы күрестің құралы ретінде дамыту, сенім бостандығын адамның жалпыға ортақ құқығы ретінде бекіту және діни немесе мәдени көзқарасына қарамастан барлық адамдардың тең құқықтылығын насихаттау мәселелері қамтылады.
Жалпы, «Декларациялар диалогы» II халықаралық форумының нәтижесі жаһандық әртүрлілік жағдайында діни төзімділікті, өзара құрметті, мейірімділік пен халықтардың бейбіт қатар өмір сүруін нығайтуға зор үлес қосады.