Ташкент қалалық әкімдігінде қала әкімі Шавкат Умурзоқов пен Нью-Йорк қаласының мэрі Эрик Адамс бастаған делегацияның кездесуі өтті.
Сұхбат барысында тараптар мегаполистерді дамытуға қатысты ең өзекті мәселелерді талқылап, қалалық инфрақұрылымды жаңғырту бағыты бойынша тәжірибе алмасты. Сонымен қатар, Ташкент пен Нью-Йорк арасындағы серіктестіктің келешектегі жаңа бағыттары жан-жақты қарастырылды.

Қала әкімі қонақтарға «Ташкентті 2030 жылға дейін дамыту стратегиясының» негізгі бағыттарын таныстырып, мегаполистің болашағын айқындайтын жобаларды егжей-тегжейлі көрсетті. Делегацияға ірі қала құрылысы мен инвестициялық бастамалар, «Жаңа Ташкент», «Жаңа буын» өнеркәсіп аймағы және жаңа қоғамдық кеңістіктерді дамытуға қатысты тұғырлы жоспарлар ұсынылды. Бұдан бөлек, көлік жүйесін жаңарту, логистика мен коммуналдық шаруашылық саласындағы реформалар да жеке талқының өзегіне айналды.
Нью-Йорк мэрі Өзбекстандағы соңғы жылдардағы өзгерістердің ауқымына жоғары баға беріп, Ташкенттің даму қарқыны дұрыс бағытта өрлеп келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Өзбекстан астанасы халықаралық әріптестікке кең жол ашып, жаңа мүмкіндіктерге бет бұрған.

Эрик Адамс екі қала арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екенін білдіріп, бұл сапар Ташкенттің жаңа жобаларымен жақынырақ танысуға зор мүмкіндік бергенін жеткізді.

Кездесу соңында тараптар қалаларды кешенді дамыту, мәдениет, инновациялар және экономика салаларында ұзақ мерзімді серіктестік орнатуды көздейтін Ташкент пен Нью-Йорк арасындағы жаңа ынтымақтастық туралы келісім жобасын әзірлеуге кірісуге келісті. Бұл келісім екі мегаполистің өзара тәжірибе алмасуын жүйелі деңгейге көтереді. Сондай-ақ қалалардың болашақтағы бірлескен жобаларына жаңа серпін береді. Тараптардың айтуынша, басталған әріптестік Ташкент пен Нью-Йорк үшін стратегиялық маңызы жоғары жаңа көпірге айналады.