Бүгінде Ташкент метросында 13 станцияда кассалар өз қызметін тоқтатқан.
«Метрополитен» ақпарат қызметінің хабарлауынша, бұл шешім қолма-қол ақша арқылы билет сатып алу көрсеткішінің күрт төмендеуімен байланысты.
Атап айтқанда, келесі станциялардағы кассалар қызметін тоқтатты: «М.Ұлықбек», «Халқтар достығы», «Пахтакор», Х.Олимжан», «Пушкин», «Достық», «Ташкент», «Ойбек», «Тыныштық», «Шахристан», «Бадамзар», «Минор» және «А.Қодири».
Ұзақ уақыт жүргізілген зерттеу нәтижесінде, осы станциялардың вестибюльдеріндегі кассаларда билет сатып алушылардың күрт азайғаны белгілі болған. Сондықтан жолаушылардың басым бөлігі автоматтандырылған төлем жүйелерін таңдаған станцияларда кассаларды жабу туралы шешім қабылданды.
Бүгінде Ташкент метросында ATTO карталары, банк карталары, мобильді қосымшалар, алақан арқылы төлеу секілді 10-нан астам жолақы төлеу әдісі қолданылады.
Мысалы, QR-коды бар бір реттік билет кассада — 3000 сум, ал электрондық төлем арқылы — 1700 сум немесе одан да арзан. Бұрын бұл QR-билеттерді жолаушылардың 45–50%-ы пайдаланса, қазір бұл көрсеткіш 6–7%-ға дейін төмендеген.
Сондықтан да метрополитен әкімшілігі заманауи және тиімді төлем әдістерін қолдануға шақырады.