Ташкент қаласында қоғамдық көлікті пайдалану деңгейін арттырып, қала көшелеріндегі қозғалыс тығыздығын азайтуға бағытталған ауқымды реформалар орындалады.
Президенттің биылғы 4 желтоқсанда қабылдаған «Ташкент қаласында көлік жүйесін басқаруды жетілдіру және кептелістердің алдын алуға бағытталған қосымша шаралар туралы» қаулысы аясында 2030 жылға дейінгі көлік жүйесін дамыту бойынша нақты әрі мақсатты көрсеткіштер белгіленді.
Құжатқа сәйкес, алдағы жылдары мынадай маңызды міндеттер жүзеге асырылады:
• Халықтың қоғамдық көлікті пайдалану деңгейі 60 пайызға жеткізіледі.
• Автобустардың орташа қозғалыс жылдамдығы сағатына 18 км-ден 24 км-ге дейін ұлғайтылады.
• 150 мың орындық жаңа автотұрақтар салынады.
• Метро желісінің ұзындығы 103 километрге дейін кеңейтіледі.
Сонымен қатар, қалада Жол қозғалысын ұйымдастырудың жаңа орталығы құрылмақ. Оның басты міндеті – көлік, жолаушылар және жаяу жүргіншілер қозғалысын заманауи цифрлық әрі «жасыл» технологиялар арқылы үздіксіз бақылау, астананың көлік мастер-жоспарын әзірлеу және қажет жерлерде көпқабатты автотұрақтар салу.
Ташкенттің көлік жүйесі толықтай интеллектуалды басқаруға көшіріледі. Жаңартылған жүйе бейнебақылау камералары мен арнайы сенсорлар арқылы көлік және жаяу жүргіншілер ағынын үнемі бақылап, бағдаршамдардың жұмысын автоматты түрде үйлестіреді, қоғамдық көліктің басымдығын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, жол-көлік оқиғасы жиі тіркелетін қауіпті учаскелер анықталып, олар бойынша нақты инженерлік ұсыныстар әзірленеді.
Бұл шаралар Ташкенттің көлік инфрақұрылымын жаңа сапалық деңгейге көтеруді көздейді. Қала тұрғындары үшін қауіпсіз, қолайлы және екпінді қозғалыс кеңістігін қалыптастыру – бастаманың негізгі өзегі. Жоспарланған жобалар жүзеге асқанда, Ташкент Орта Азиядағы ең озық қалалық мобилдік модельдерінің біріне айналуы мүмкін. Бұл өзгерістер миллиондаған тұрғынның күнделікті тіршілігін жеңілдетіп, қаланың келешектегі дамуына тың серпін береді.