Өзбекстанның Centrum Air әуе компаниясы Ташкент-Гуанчжоу бағыты бойынша алғашқы рейсін сәтті жүзеге асырды.
Қытайдың Гуанчжоу қаласындағы әлемге әйгілі «Байюнь» халықаралық әуежайында бұл маңызды оқиға ерекше салтанатпен атап өтілді. Ұшақ экипажы мен жолаушыларды әуежай әкімшілігі, Centrum Air әуе компаниясының басшылары, жергілікті авиация саласының өкілдері және БАҚ өкілдері құрметпен қарсы алды.
Салтанатты шара барысында Қытай тарапы Өзбекстан мен Қытай арасындағы тығыз әріптестіктің қарқынды даму үстінде екенін ерекше атап өтті. Екі елді тікелей байланыстыратын жаңа әуе рейсі мәдени және экономикалық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге ықпал ететініне сенім білдірді.
«Байюнь» халықаралық әуежайы директорының орынбасары Пан Цзянь Өзбекстанның Қытай азаматтарына визасыз кіру мүмкіндігін беруін екі ел арасындағы іскерлік және туристік қарым-қатынасты нығайтатын маңызды қадам деп бағалады. Сонымен қатар, ол жаңа әуе бағытының жергілікті кәсіпкерлер мен туристер үшін Өзбекстанға сапарды жеңіл әрі қолайлы етудегі рөлін ерекше атап өтті.
Осы алғашқы рейс барысында Centrum Air компаниясының қолдауымен Қытайдың 20-дан астам туристік компаниялары мен туроператорларының өкілдері Өзбекстанға табан тіреді. Олар елдің бай туристік әлеуеті және саяхатшылар үшін жасалған ерекше жағдайлармен танысып, алдағы маусымға арналған жаңа туристік бағдарламалар әзірлеуге кіріседі.
Жаңа әуе рейстері желтоқсан айынан бастап тұрақты түрде аптасына екі рет, жексенбі және сәрсенбі күндері Гуанчжоу қаласындағы «Байюнь» халықаралық әуежайынан орындалады. Бұл қатынас Өзбекстан мен Қытай арасындағы байланысты одан әрі нығайтып, екі елдің саяхатшылары мен кәсіпкерлері үшін жаңа мүмкіндіктер ашпақ.