Oʻzbek
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
ТАРТУ
13:58 / 2021-01-17

Әңгіме

Насыр ФАЗЫЛОВ, 

өзбек жазушысы, Халықаралық "Алаш" сыйлығының иегері (1929-2018 ж.ж.)

 

Алматыда қонақ болған күндерім аяқталып, қайтатын уақыт та жетті. Табиғаты сұлу Іле Алатауында орналасқан атақты Медеу мұз айдынында әріптестерім - қазақтың жас әрі талантты ақын-жазушыларымен әбден қыдырып, қонақ үйге келіп отырғанмын. "Билет қалтада, ертең Ташкентке ұшамын" деген оймен жұмсақ орындыққа құлай кеткенім сол еді бөлмедегі телефон шырылдады.

- Алло!

- Әй, Насыр, бұл сен бе? - деді сәл қырылы бар дауыс.

Бірден тани кеттім. Сәбит Мұқанов.

- Иә, мен ғой, Сәбит аға!

- Әй, сары бала, қайда жүрсің?! Нешеме рет телефон соқтым...

- Жігіттермен тау жаққа барып едік...

- Ә, жарайды, дұрыс. Ал енді біздің үйге қарай шап.

Шынымды айтсам күні бойғы жүрістен шаршаған ем, ешқайда баруға зауқым да жоқ. Бірақ оны ақсақалға қалай айтасың. Сонда да:

- Сәбит аға, рахмет. Қатты шаршадым, сәл дем алсам ба деп едім. Егер шұғыл бір шаруа болмаса?..

- Әй, шаршағаны несі, жап-жас басыңмен?! - деді дауысын сәл көтеріп. - Ешқандай шаруа жоқ, Мәриям тәтең сен үшін деп қазанға ет салып қойған, күтіп отыр. Жылдам кел!

- Жақсы, келем, келем... - деп телефонды орнына қойдым.

Сәбит аға ұрысқандай болғанмен, дауысынан бәрібір мейірім шуағы сезіліп тұрды. Қалай бармайсың, бару керек. Жарайды, жолға дайындалатын не бар. Қайтып келемін де, екі-үш көйлегім мен қазақ достарым сыйлаған кітаптарды сөмкеме сала салармын.

Мен көшеге шыққанда сағат кешкі жетіні көрсетіп тұрды. "Алматы" қонақ үйінің алдындағы алаңқай қаладағы көрікті жерлердің бірі еді. Ары-бері сапырылысқан адамдарға толы.

Біраз жүріп, Абай атындағы Опера және балет театры орналасқан алаңға шықтым. Сол жерден екі көшені кесіп өтіп, солға бұрылып жүз метрдей жүрдім. Міне, Сәбит ағаның үйінің алдында тұрмын. Мұқан Төлебаев көшесі, 125/129, 3-пәтер.

... Екінші қабатқа көтеріліп, қара дермантинмен қапталған есіктің қоңырауын бастым. Көп күттірмей есік ашылып Сәбит ағаның зайыбы, Мәриям апа көрінді. Ас үйден тіке шыққаны көрініп тұр: қызыл гүлді алжапқыш тағып алған және тамақтың буынан беттері қызарып кетіпті.

- Айналайын, сары бала, кел, кел... - деп маған жол беріп бұрылды да, жоғарғы бөлмеге қарап айғайлады: - Сәбе, сіздің сары балаңыз келді.

Жұмыс бөлмесінен Сәбит аға шықты. Үстінде түйежүнді қысқа шапан, басында қара тақия. Жұмыс істеп отырған болар.

- Ассаламағалайкум!

- Уағалайкумассалам... - иә, сары бала, ішің пысқан жоқ па? Әй, бірақ ана шайтан достарың зеріктіре қоймас! Мына үлкен бөлмеге қарай өтіп, диванға отыра ғой. Алдымен еденде жатқан аң терісін әбден таптап, тепкіле, себебін кейін айтып беремін. Ал мен, қазір... 

Соны айтты да, Сәбит аға қайта жұмыс кабинетіне кіріп кетті. Ал мен бөлмеге кіріп, диванға отырдым да, аяғымның астында жатқан теріге көңіл аудардым. Жайылып жатқан тері, өте үлкен, жүні қалың аюдың терісі еді. Бас жағына қарасаң, ұйқыға кеткен тірі аю секілді. "Кәдімгі аюдың терісі. Сәбит аға оны маған не үшін тапта деді екен? Қандай құпия сыры бар екен?"

Теріні баса жүріп, бөлмеге зер салдым: кең бөлменің ортасында үлкен үстел, айналасында орындықтар. Паркет еден жылтырап тазартылған. Қабырғаларға суреттер ілінген. Сервантқа құмыралар, мүсіндер мен түрлі кәдесыйлар қойылған. Мұражайда жүргендейсің. Бұлар жазушының мерейтойына берілген сыйлықтар еді. Суреттердің дені Сәбит ағаның портреттері. Маған жібек жіппен тоқылған портрет керемет ұнады. Тірі секілді: үстінде қазақтың ұлттық шапаны, басында түлкі тұмақ, көзін сәл қысып, күлімдеп тұр. Кілемшені кім тоқыса да нағыз шебердің қолынан шыққан дүние екен. Түрлі беделді ұйымдармен қатар, қарапайым адамдар сыйлаған суреттерге, басқа да кәдесыйларға қарап тұрып, ұлы жазушының өз халқы алдында қандай құрметке ие екенін ойлап, мақтаныш сезімге бөлендім.

Бір фарфор құмыра көзіме өте ыстық көрініп, еріксіз дауысым шығып кетті. Алыс жұртта танысымды көргендей қуандым. Шүбәсіз, бұл Ташкент шыны зауытының өнімі болуы керек. Ақырын басып, құмыраның жанына жақындадым. Иә, тура өзі. Сәбит ағаның күліп тұрған суреті салынып, жан-жағы түрлі гүлдермен көмкерілген. Жазуына қарай бергенім сол еді, Сәбит аға бөлмеге кіріп келді де:

- Өзбектердің сыйы, - деді менің ойымды оқығандай, қолын иығыма салып. 

- Жүр сары бала, жеңгеңнің еті де піскен болар, - деп мені тамаққа шақырды. 

Қонақ бөлмеге қарай өттік. Далада қараңғы түсіпті, ал мұнда хрусталь шамы жарқырап жанып тұр. Қазақтың кең дастарханында құстың сүтінен басқаның бәрі бар. Ас үйден шыққан Мәриям апам бірден менімен қалжыңдаса бастады.

- Бұл сары бала келгелі бері үйге бір басын сұқпады. Қыздардан қолы тимеген ау шамасы... Біздей кемпірлерді қайтсін?!

- Иә, солай ғой, - деп Сәбит аға да қулана күліп.

Ұялғаннан, екі бетім қызарып кетті.

- Ұялма, одан да тамақтан алып отыр. Қазір ет әкелемін, - деп Мәриям па ас үйге қайта кіріп кетті.

Дастарханға қойылған тамақтардың ішінен жылқының қазысына көзім түсе берді. Бізде, өзбекте қазы деп шекке тығылған жылқы етін айта береді. Ал мына қазы шекке салынбаған, майы төрт еліден артық болмаса, кем емес. Сүрленген қазы майы шыныдай жылтырап тұр, аузыңа салсаң еріп кетердей. Міне қазы деп осыны айт!

Біраздан кейін буы бұрқыраған табақ толы ет келді...

Ет желініп, шәй ішіліп болған соң, ертең Ташкентке ұшуым қажет екенін айтып, кетуге рұқсат сұрадым.

- Ұшатын уақытың нешеде?

- Он екі де.

- О-го, - деп Сәбит аға дауысын созыңқырап. - Уақыт деген жетеді екен ғой. Бізде қонуға қаласың.

- Мүмкін сары бала бір сұлуды шақырып қойған шығар, - деп Мәриям апам қайта қалжыңына басып.

Қалай жоқ деп айтасың, қонып қалуға тура келді. Тамақтан кейін де біраз уақыт дастархан басынан тұрмай, түрлі тақыраптарда әңгімелесіп отырдық. Менің ойымнан аюдың терісі кетпей қойды. Бірақ сұрауға батылым бармады. Түннің бір уағы болып қалғанда ғана орнымыздан тұрдық.

- Сары бала, менің ұйықтар алдында серуендеп қайтатын әдетім бар еді. Егер қаласаң, жүріп қайтайық, ал шаршасаң жата бер, - деп бұрышта тұрған таяғын алды.

- Әрине, мен сізбен бірге барамын... - дедім. Қанша ұйқым келіп тұрса да, үлкен кісі шақырып тұрғанда, қалай жатасың төсекте? - Жүріңіз!

Алматының түндері-ай... Қандай керемет. Мұқан Төлебаев көшесімен көліктер жүрмейді екен, тып-тыныш. Көше шамдарының жарығынан жол бойында өскен шыршалар сұңғақтанып, сұлуланып кеткендей. Тротуар бойында арқасы бар орындықтар қойылыпты. Уақыт кеш болғандықтан болар, адам аяғы сирек. Арықта ағып жатқан судың дауысы құлаққа жағымды естіледі.

Көшенің аяғына дейін барып, кері бұрылдық. Сәбит ағаның үйінен шамаман екі шақырымнан аса ұзадық. Күнде жатар алдында осылай жүруді әдетке айналдырыпты. Жақсы әдет! Бізге де қажет ақ, бірақ құнттамаймыз, әрдайым жалқаулығымыз жеңіп тұрады...

Қайтар жолдың жартысын өткенде, аюдың терісі есіме түсіп кетті де, сұрауға бұдан ыңғайлы уақыт болмас деп шештім.

- Сәбит аға, аюдың терісі туралы...

Тері туралы естігенде Сәбит аға кілт тоқтап, үнсіз қалды. Біраз уақыт ойланып, жан-жағына қарады. Жақын арада тұрған орындықты нұсқап, отыруды ұсынды. Ағаш астында орналасқан орындыққа жайғасқан соң, әңгімесін бастады.

- Бұл тері...   

* * *

... Құмдағы "Үшқұдық" жайлауында тек кешке ғана әдемі, қоңыр салқын. Ал күндіз аптап ыстықтан аспан айналып жерге түскендей: ұшқан құстың қанаты, шапқан аттың тұяғы күйеді. Табиғат-Ананың құдіреті болар, ыстық пен салқын бұл жерде күн мен түн сияқты алмасып тұрады. 

Ыстықтан әбден әбіржіген қойлар, салқын қораға кірген соң, бастарын бір-біріне қойып, тапжылмай жатыр. Айнала жым-жырт. Тыныштықты тек иттің үргені мен шегірткенің шырылы ғана бұзады. Жер қап-қара болып көрінсе, аспан керісінше ашық. Содан болар, жұлдыздар да бүгін ерекше жарқырауда. Жас шопан - Дөнен қораның шетінде, қолдан жасалған ағаш төсекте қой қарауылдап жатып, аспандағы жұлдыздарға қарап, ойға батуда. Оның жаны жаралы еді. Қорадан сәл әріде екі қазақ үй қарауытады: біреуі - Бекмұрат ағасыныкі болса, екіншісі - оның үйі еді. Міне екі апта болды өз үйіне бас сұқпағалы. Кіруге жүрегі дауаламайды. Даладағы төсекте түнеп жүр. Не себепті? Себебін тек өзі ғана біледі, соңғы екі апта тек соны ойлаумен ғана өтті. Ойлайды да жылайды, жылайды да, қайта ойлайды. Көз жасын ағасы мен жеңгесіне көрсетпеу үшін осы арадан ұзамайды...   

Бүгін ферма меңгерушісі Боранбай аға ауданнан жаңа газеттерді жеткізіп, соңғы жаңалықтармен бөлісіп кетті. Оның айтуынша, шопандардың өтініші ескеріліп, қойшыларға коляскалы мотоцикл бөлу туралы шешім қабылданыпты. "Әрдайым осылай, - деп Дөнен ызаланып. Қажет кезінде ешнәрсе сұрап ала алмайсың. Шіркін, сол кезде болғанда ғой осы мотоцикл. Ал енді, пісіріп жесін мотоциклдерін! Жарайды, өтті-кетті, бәрі де қайта оралмайды. "Боранбай аға алып келген газеттердің бірінен, алпыс жасқа толған мерейтойына орай атақты жазушы Сәбит Мұқановтың келетіні туралы хабарды көзі шалып қалды. Облыстық газет бірінші бетке жазушының фотосымен бірге, үлкен мақала басыпты. Ертең келеді екен және оқырмандармен кездесу өткізілмекші. Аудан басшыларының шешімі бойынша, Сәбит Мұқановты көргісі келетін халықтың көптігін ескере келе, ұлы жазушымен кездесу мәдениет үйінің алдындағы алаңда өткізіледі екен. "Дұрыс шешім, - деді шалқасынан жатқан күйі Дөнен, - әрине сыймайды, атақты жазушы келе жатса... Е-ех... менің Қарлығашым, Сәбит Мұқановтың кітаптарын сүйіп оқушы ең. Әсіресе "Ботагөз" романы қолыннан түспейтін, ал кейіпкерлері туысқанындай болып кетіп еді... Міне, жаным, ертең сенің сүйікті жазушың біздің ауданға келе жатыр... Ал сен қайдасың? - Дөненнің тамағына өксік тірелді. - Есіңде ме, аяғың ауырлағанда маған айтқан сөздерің. Ешқашан ұмытпаймын. Бірде, түн жарымда ішіңдегі болашақ нәрестенің қыймылдағанын көрсетіп, кеудеме тығылдың. Бақыттан басым айналды. Қазақ үйде екеумізден басқа ешкім болмаса да, біреу естіп қоймасын дегендей құлағыма сыбырлап: "Дөнен, егер қыз босансам атын Ботагөз деп, ал ұл болса Асқар деп қойсақ қалай қарайсыз", деп едің. Сонда сені кеудеме қатты қысып, келісім бергенімді сездіріп едім ғой... "

Жаңа ғана жарқырап, жымыңдап тұрған аспандағы жұлдыздар бір-бірден сөніп барады, ал Дөненнің тамағына өксік келіп, көзінен ыстық жас парлады. Жылағанын баса алмай, ағаш төсекте төселген аю терісінің жүндерін қатты қысып, иықтары селкілдеп жатты...

- Дөнен, ұйықтап қалғансың ба? - деген дауыстан атып тұрды. Бекмұрат ағасы екен. 

- Ей, тентек, мұның не? Тоқтат көз жасыңды! Жылайтын нәрсе тапқан екенсің! Болды, барасың. Қойларды бір күн өзім қарай тұрармын. Тек, кешке дейін қайтып келетін бол.

- Жарайды, аға, - деді. Егер басқа жағдай болғанда, әбден қуанып, шаттанар еді, ал қазір оған қайда?

- Иә, солай болсын, - деп ағасы қойларды қарауға кетті.

Ағасы кеткен соң Дөнен миығынан күліп: "Менің қайғымды қайдан түсінсін! Өзінше аяғанына да рахмет. Рұқсат беріп тұрғанда барып алайын. Қарлығаш үшін де көремін..." 

Себебі, ферма меңгерушісі Боранбайдан ауданға Сәбит Мұқановтың келетіні туралы қуанышты хабарды естігенде Дөнен жазушымен кездесуге баруға сұранған еді. Бірақ ағасы түрлі себептер айтып, рұқсат бермей қойғанды. Енді, міне бауырының жағдайын түсінген болар, көңілі түсіп, рұқсат беріп отыр. 

Бекмұрат ағасы сөзінде тұрды. Таң ертең оянса торы қасқа бие ерттеліп тұр екен.

- Аттың керегі жоқ, аға. Өзіңіз жаяу қаласыз ба? Біз үйренгенбіз ғой.

Дөненнің сөзінен салқын сыз сезіліп тұрды. Бекмұрат ағасы інісінің өз ренішін тұспалдап жеткізгенін түсініп, ала көзін ата қарады, бірақ үндемеді. Сәл артық кеткенін Дөнен де білді, сонда да кешірім сұрамай үнсіз тұра берді. Бекмұрат ағасы ішінен "астапыралла" деді де, сыртқа бұрқ ете қалды:

- Отыз бес шақырымға жаяу бармақсың ба? Тентек!..

Кеше кешкісін Бекмұрат ағасы рұқсат бергелі, Дөнен түні бойы көзін ілмей ойлануда. Оның ойын "Жазушыға қандай тарту жасасам?" деген сұрақ мазалады. Шынымен де, сондай атақты кісімен кездесуге құр қол баруға бола ма екен? Әсіресе, Қарлығаш жақсы көретін жазушы болса. Жоқ, міндетті түрде сыйлық сыйлауым керек. Бірақ, не? Қандай тарту ұсынсам Қарлығаштың рухы шат болар еді? Не?.. 

Таң аппақ болып атқанша ойланып, ақыры бір шешімге келді: Сәбит ағаға мына аюдың терісін тарту етеді. Өз шешіміне риза болып, орнынан атып тұрды да, төселіп жатқан аю терісін жылдам орай бастады. Оралған теріні тағы да екіге бүктеп, кенеп қапқа салды. Бекмұрат ағасы көріп қойып, қарсылық қыла ма деп, қапты көзден таса жерге тығып тастады.

Дөнен Бекмұрат ағасына рахметін айтып, торы биеге мініп, қапты тыққан жерге келіп, теріні қоржынға салды да, жолға шықты.

Осындай ыстық күнде отыз бес шақырым жерді атпен жүріп өтудің өзі оңай емес: ат қара терге түсіп, шаршап-шалдықты. Дөненге де жеңіл болмады. Осындай күйде аудан орталығына жете бере, орталық алаңда құжынаған көп халықты көреді. "Басталып кетіпті ғой" деп, Дөнен астындағы атын тебініп алаңға жақындады. Бірақ аттылы тек өзі екенін байқап, кішкене ыңғайсызданып қалды. Атының басын кері тартып, келесі көшеге бұрылып, алғашқы кездескен қақпаның алдына тоқтады. Байлауға бола ма, болмай ма, оған басын қатырып жатпай, аттың шылбырын қазыққа іле салды. Қоржындағы тері салынған қапты алды да, жиналған халықтың ортасына қарай жылжыды...   

Дөнен өмірінде мұндай салтанатты жиынды көрген еместі, аузы ашылып қалды. Ілгеріде ауыл мектебі оқушыларымен бірге мейрам кезінде келгенде мына ағаш трибунаны алғаш көрген. Ал он жылдықты бітірген жылы Мамыр мерекесінде бұл трибунаның қарсысынан Қарлығаш екеуі иық тиістіріп өтіп еді. Ту мен ұрандар жазылған транспаранттар ұстаған демонстрацияға қатысушылар қатары трибуна алдынан өтіп жатады, ал аудан басшылары оларға қолдарын бұлғап, сәлемдесетін. Ара-арасында күшті бір дауыс ұрандарды айтып, аяғы "Ур-ра!" деген  сөзден естілмей қалып жатушы еді. Жоқ, бұл жолы бәрі басқаша. Аудан басшылары мен зиялы қауым ортасында сүйікті жазушысы Сәбит Мұқанов тұр. Дөненнің көзі тек сонда болды: кітаптағы суретінен аумайды. Тек кітаптардағы фотосында қара костюм киіп, галстук тағынған еді және депутаттық белгісі болатын. Ал қазір оның үстінде жұқа жібек аппақ шапан, басында жасыл барқыт тақия. Жүзі бал-бұл жайнап, сөйлеп тұрған шешенге емес, мына ыстыққа қарамай, өзін сыйлап жиналған халыққа қарап тұр. Сөйлеуші бір орынды қалжың айтып еді, бәрі ду күліп, арты шапалаққа ұласып кетті. Сәбит аға да өзінің үлкен денесін селкілдетіп риза болып күліп жатыр. Күлгенде кішкене көздері тіпті жұмылып кетеді екен.

Бір күш Дөненді алдыға итермелеп, трибунаға қарай жақындай берді. Қолындағы кенеп қап адамдарға тиіп кетсе, олар "қандай тоғайдан шыққан тағы қазақсың?!" дегендей көздері бақырайып қарайды. Алдыңғы қатарға жеткенде, біреу жеңінен тартып сыбырлады:

- Неғылған адамсың, артқа бар!

Дөненнің жыны келіп кетті. Неғылған адам? Қарапайым адаммын! Сөзін қара! Кенет ол Сәбит ағаның өзіне жылуға толы көзімен қарап тұрғанын байқады. Ол жылулық Дөненге де тарағандай. Ал Сәбит аға әлі көзін алмайды. Мүмкін мына жас шопан оған өзінің жастық шағын, кедейлікпен өткен қиын кездерін есіне түсірген болар. Болмаса неге жымыяды?

Соны ойлап, Дөнен өзінің үстіне көңіл аударады. Оп-па! Киіп келген киімін қараңыз! Қой бағып жүргендегі киімімен келе салыпты. Ақымақ, тойда киген қара костюм, ақ көйлек, галстук төрде ілініп тұрған жоқ па? Бекмұрат ағасы, жарайды! Ұлбике жеңгесі неге айтпады екен?! Мұндайға Қарлығаш өте ұқыпты еді ғой. Бір жерге барайын деп дайындалса, таза киім кигізбей жібермеуші еді. Қарсыласса да, қоймайтын. Соны есіне алғанда көңілі бұзылып кетті. Екі беті ыстықтан ба, әлде ұяттан ба қызарып кетті. Кетейін деп артқа жылжығаны сол еді, бағанағы жеңінен тартқан тағы да жекіп қалды:

- Неғып тұрсың мұнда? Мәдениет деген бар ма өзіңде?!

Дөнен жасы өзімен шамалас мына жұғымсыз жігіттің жүзіне қарап "осы сөзді бұл жерде емес, жайлауда айтсаң ғой, көрсетер ем саған" деп ойлағанымен, өз-өзін басты.

- Жоқ, бұл жерде тек сіз ғана мәдениеттісіз! - деп, бұрылып кетті. 

Бұл сөзді естіген жігіт тұрған жерінде қатты да қалды. Дөнен шетте отырған бір топ кісінің жанына келіп, қабын жерге қойып, үстіне отырып алды. Тағы да Сәбит аға өзіне қарап тұрғандай болды. Бірақ ол ойынан дереу қайтты. Өйткені, трибунаға дейін әжептеуір жер еді. Ондай қашықтықтан, адамның саған қарап тұрған-тұрмағанын анықтау мүмкін емес еді. Сөйтті де, жазушыдан көз алмай қарады. Бәрібір де Сәбит Мұқанов бұған қарап тұрғандай. 

Дөнен ду шапалақ даусынан селк ете қалды. Қолында қара таяғы бар Сәбит аға алдыға қарай шықты. Аудан басшысы иығына жағасы мен етегі алтынмен зерленген, ал-қызыл мақпал шапан жауып, басына сол түстес тақия кигізді... Риза болған халық шуылдап кетті, құттықтаушылардың сөздері мүлдем естілмей қалды. Бір кезде аудан басшысы Сәбит ағаға қолындағы қамшыны ұсынып, бір жақты көрсетіп ишара жасады. Халық одан бері шуылдап кетті. Не болды екен деп, Дөненде қарады. Екі жігіт (біреуі бағана Дөненмен сөзге кеп қалған жігіт) бір сәйгүлікті ұстап тұр екен. Ат енді керемет сұлу, нағыз тұлпар! Екі жігіттің қолынан жұлқынып, жоғарыға қарғып-қарғып қояды.

Сәбит аға ақырын аттың қасына келіп, жалынан сипалады. Жігіттер қолтығынан демеп, мінуге көмектесіп жіберді. Сәбит аға аттың үстінде отырып, қамшысын жоғары көтерді. Алаңдағы айқай-шу сап тиылды. Суретке түсірушілер фотоаппараттарымен сыртылдатып жүгіріп жүр. Киноға түсіруші операторларда бар екен. "Тарту деп міне осыны айт, қандай сыйлық! Міне құрмет, міне халықтың махаббаты! Ал, сен ақымақ болмасаң, осындай ұлы жазушыға сасық теріні сыйлыққа тартамын деп ойлайсың ба?" Дөнен ұялғаннан екі беті қызарып, мына жерден кетіп қалғысы келді. Сығылысқан елдің арасынан шығып бара жатқанда құлағына Қарлығаштың дауысы келді: "Дөнен, тоқта! Ұялма, алып келген сыйлығыңды тарту ет!" Ықтиярынан тыс күш оны тоқтатты. Жан-жағына қараса, кездесу аяқталыпты. Сыйға тартылған сәйгүлік ағашта байлаулы тұр. Бірақ халықтың тарағысы жоқ. Сәбит ағаны жақыннан көргілері келіп, кетпей тұр. Дөненді біреу шынтағынан тартқандай болды. Қараса, бағана өзіне зіркілдеген жігіт.

- Иә, тағы не керек? - деді Дөнен ашуланып.

- Жүр, сені Сәбит аға сұрап жатыр.

Дөненнің тұла-бойы дір ете қалды.

- Мазағың ба?! 

- Жүр деймін, сені күтуде, - деп күлімдеді. - Не қылған адамсың өзің...

- Мені танымайды ғой, ол кісі.

- Мен қайдан білейін? Қап арқалаған ана жігітті шақыр деді.

Не сенерін, не сенбесін білмей Дөнен жігіттің алдына түсті.

- Қабыңды осы жерге қалдырып кетсең де болады.

Дөнен оған бақырайып бір қарады да, үндемей жүре берді. Сәбит ағаны жан-жағынан қаумалған жұрт, негізінен жастар. Жақын бару мүмкін емес. Аудан басшылары Сәбит ағамен ілесіп келген басқа ақын-жазушылармен бір шетте сөйлесіп тұр. Ал, ол кісі оқырмандарға қолтаңба таратуда. Ортаға жақындай алмай, Дөнен тоқтап қалып еді, шақырған жігіт жазушыға қарай өтіп, құлағына сыбырлады. Сәбит аға Дөненге қарап, күте тұр дегендей белгі беріп, қолын көтерді.

Қолтаңба таратып біткен соң, Сәбит аға Дөненге қол бұлғады.

- Балам, бері кел.

Қабын тастамаған күйі, ұялшақтанып, Дөнен жазушыға жақындады. Сәбит аға оған жымиып қарап тұр екен.

- Ассалаумағалейкүм.

- Уағалайкумассалам, - деп Сәбит аға Дөненді басынан-аяғына дейін сынай қарады. - Бағанадан бері байқап тұрмын... Маған бір айтатын сөзің бар сияқты ма, балам? 

"О, тоба, қайдан біліп қойды? - деген ой Дөненнің басына жылт ете қалды. - Бұл кісі жазушы ғой. Жазушылар адам жанының нәзік иірімдерін оқи алады дегендері рас екен де!"

Абыржып, қысылған Дөненнің аузына сөз түспеді. Әңгімені Сәбит ағаның өзі бастады.

- Қай жерден келдің, балам?

- "Үшқұдықтан".

- Не жұмыс істейсің?

- Шопанның көмекшісімін. Ағаммен бірге қой бағамын.

- Сенің "Үшқұдығың" бұл жерден алыс па?

- Отыз бес шақырымдай.

- Сонша жерден бекер келмеген боларсың?

- Жо-оқ... - деп Дөнен сәл тұтығып жауап берді. Алып келген сыйлығын енді беруге болады деп ойлап, қабын алдына қойды да, жібін шеше бастады. Сәбит аға үндемей қарап тұр. Қаптың аузын ашып, ішінен теріні алып шығып, жерге жайды. Тері жақсы иленгенімен, әлі толық кеуіп үлгірмеген еді, сондықтан одан жағымсыз иіс шығып тұрды. - Сәбит аға, бұл сізге деген... менің тартуым... 

Қайдан шыға келгені белгісіз, жергілікті екі бастық болар, Дөненге бас салып айғайлай бастады:

- Жігітім, сен мұнда не бүлдіріп жатырсың?

- Ұятқа қалдырдың ғой бізді!

Сәбит аға оларға сұсты көзімен қарап:

- Біздерді бір сәт оңаша қалдырыңыздаршы, мүмкін болса, - деді.

Екі шенеунік өздерін ұятқа қалдырды ау деген жігітке жаман көздерімен ата қарап, амалсыз шетке қарай кетті. Сәбит аға теріге біраз уақыт қарап тұрды да, біреудің атын атап шақырды. Тағы да сол баяғы жігіт келіп тұр.

- Шырағым, мына теріні дұрыстап орашы, жарай ма, - деп жазушы оған тапсырма берді.

Жігіт басын изеп, Дөненге ала көзімен қарады да, терінің шетінен ұстап, сүйреп алып кетті.

Иә, Сәбит аға бұл жас жігітті бірден байқады. Қобалжып тұрған түріне қарап, оның бір нәрсе айтқысы келетінін сезді. Сол үшін де өзіне шақырған болатын. Бірақ, кездесудің аяғы осылай, ерекше сыйлық алумен бітеді деп ойламаған еді. Бұл тартудың артында қандай да бір сырдың бары анық. Соны білгісі келді. Аудан басшылары мерейтой иесінің құрметіне орай салтанатты дастархан жайып, соған Сәбит ағаны алып кетуге асығып тұрған еді. Сонда да, оларға сәл күте тұрыңдар деген белгі беріп, Дөненнің иығына қолын қойды. Сәл жүріп, бос тұрған орындыққа отырды. Сәбит аға әңгімені неден бастарын білмей үнсіз отыр, ал Дөненнің толқығаннан мүлдем тілі байланып қалды.

- Қане, сөйле балам, - деп Сәбит аға үнсіздікті бұзды. - Неге көңілсізсің?

Дөненде үн жоқ.

- Қашаннан бері қой бағасың?

- Екі жыл.

- Мектеп бітірдің бе?

- Иә, онжылдықты. Мектеп бітіргеннен соң туған ауылымызда қалу туралы шешім қабылдадық.

- Жарайсыңдар! Үйленгенсің бе?

Бұл сұрақ Дөненнің жүрегіндегі жараның аузын тырнап кетті. Басына қан шауып, тамағына кесек тұрып қалды. Егер қазір аузын ашса, шыдамай жылап жіберетінін сезіп, үндемеді. Ал Сәбит аға жас жігіт ұялып отырған болар деп ойлады да, көңілін көтерем ба деп әзілдеді:

- Өзіңмен бірге алып келмедің бе?

- Кімді? 

- "Кімдісі" несі? Келіншегіңді.

- Ол... ол... жоқ енді...

Сәбит аға түкке түсінбей, дауысын сәл көтеріп сұрады:

- Сен бала, маған қарашы. Жоғы несі? Түсіндіріп айтсаңшы...

- Басынан айтпасам түсінбейсіз, аға... Уақытыңызды алмаймын ба?

- Айта бер.

- Жарайды, - деп келісіп, Дөнен терең дем алды. - Біз, Қарлығаш екеуміз...

* * *

Орта мектепті бітірген жылы Дөнен мен Қарлығаш оқуға түсуге бармай ауылда қалады.

Дөнен ерте жетім қалып, Бекмұрат ағасының қолында өсті. Бекмұрат ағасы өмір бойы қой бағумен келеді. Қыс қалай аяқталып, жерді көктем шуағы қыздыра бастасымен, ағасы дүние-мүлкін арбаға артып, бір жайлаудан келесі жайлауға, бір адырдан келесі адырға көшіп-қонып жүретін. Қойдан басқаны білмейтін. Мінезі сәл шәлкес, адуынды кісі. Әйелі, Ұлбике болса күйеуінің айтқанынан шықпайтын, момын жан еді. Оның шатақ мінезін білгендіктен, не айтса да "Сіздікі дұрыс!" деп құтылатын. Бекмұрат ағасына салсаң, әжелерінің қолында тұрып, мектепте оқып жүрген өзінің үлкен ұлы Базарбай мен қызы Рахияны да малды ауылға алып келіп, қой баққызып қояр еді! Бірақ оған кім рұқсат берсін. "Жарайды, оқиды дейік, жоғары бір лауазымға отырар, сол ма?" - деп бұрқылдап жүретін. Оның ойынша, оқу-білім тек лауазым алу үшін керек сияқты...

Бекмұрат ағаның қисық мінезінің кесірінен орны толмас қайғылы оқиғаның болғанына міне екі аптаның жүзі болыпты.

Былтыр жазда Бекмұрат аға өзінің жиеніне Қарлығашты алып берді. Мінезі қанша ауыр болса да, ата-баба салтын берік ұстанған ол, елдің бәрін таңқалдырып, үйлену тойын дүркіретіп жасады. Дөнен мен Қарлығаш та өте риза болған еді. Жетінші сыныптан бері бір-біріне ғашық болып, сөз байласып қойған олар бұл күнді асыға күткен еді.

Үйленгеннен соң Дөнен ағасымен бірге қой баға бастаса, Қарлығаш шаруашылыққа көмектесетін болды: қой сауатын, қора тазалайтын. Бір сөзбен айтқанда, ол еңбекқор, пысық келін болып шықты... 

Соңғы күндері Ұлбике Қарлығаштың босанатын мезгілі жақындап қалғанын байқайды. "Келінді ауданға, ауруханаға апармаса болмас. Мен бала тудырып көрген емеспін... Ал онда дәрігерлер бар. Аман-есен босанады", - деп ойлаған ол алдымен Қарлығашты көндіріп, ауыр жұмыстарды істеуге тыйым салды. Кешкі астан кейін, Дөнен мен Қарлығаш өз отауларына кеткеннен соң, өз ойымен Бекмұрат ағамен бөліседі. Күйеуі аузына құм толтырып алғандай, ләм демейді. 

- Бірдеңе десеңізші.

- Қай қазақтың қатыны дәрігерге барып туып еді? - деп дүңк ете қалды. - Қазіргі қауырт науқан кезінде қайда барады? Бүгін болмаса, ертең қой қырқу басталады...

- Біратала кетіп бара жатыр ма? Молда бала келінді дәрігерге апарып, өзі қайтып келеді, - деді Ұлбике жыламсырап. Дөненнің атын атамай "Молда бала" дейтін. - Қайтып келіп, қандай шаруа болсын, бәрін істейді ғой...

Бекмұрат аға үндемеді. Үндемегені келіскені ғой деп, Ұлбике тағы бір өтінішін айтып қалды:

- Жақсылығыңыз Алладан қайтсын! Торы қасқа биемен апарсын, рұқсат етіңіз.

- Немене-е-е! - деп Бекмұрат аға ат туралы естігенде ашуға басып. - Тағы не керек? Жаяу барсын, өлмейді, жас қой әлі...

Ұлбике күйеуінің қырсық мінезін жақсы білетіндіктен, ол әңгімеге қайта оралмады. Амал жоқ, ертеңіне оларды жолға дайындап, аптап ыстықта келін қиналып қалады ғой деп, салқын түсе Дөнен екеуін шығарып салды... 

Түк көрінбейтін қара түнекте, таулы-қыратты жолмен отыз бес шақырым жүріп өту жеңіл ме? Ал аяғы ауыр әйелге ше?! Осы жерде туып-өскендіктен оларға дала таныс. Басқа біреу болса, түн қараңғысында әр бұтадан үркіп, "қорыққанға қос көрінеді" дегендей, қорқыныштан жүрегі жарылып кетер еді. Сонда да ұзақ жол екеуіне ауыр болды. Жарты жолға келгенде Қарлығаштың әбден сілікпесі шықты. Шаршағанмен қоса оны шөл қысып кетті. Шығар кезде жеңгелері тұздалған сүр ет асып, тойдырып жіберіп еді, содан ба, әлде жол бойы аузына құрт салып сорып келгеннен бе, аузы кеуіп, тілі таңдайына жабысып қалды. Үлкен жыңғылдың түбіне демалуға отырды. Бұта асты салқын екен. Жыңғыл ағашының гүлдерінен керемет, жағымды бір иіс келуде. Айнала жым-жырт, аспанда жарық жұлдыздар жыпылықтайды. 

- Бір кесе су болар ма еді...

Дөнен үндемеді. Ағасына ашуланамын деп жүріп, жолға су алу есінен тарс шығып кетіпті. 

Қарлығаш Дөненнің қолтығының астына кіріп, тығылып отырды. Шөл тіпті қысып жіберді. Бір кезде алыстан ит үргендей болды. Дөнен тың тыңдады. Иә, тағы да иттің үргені естілді. Бір емес, бірнеше иттің дауысы қосылып шықты. Орнынан тұрып, дауыс шыққан жаққа көз салып еді, алыста әлсіз жарық көрінді. Иттер үруін қоймады. Бір кезде "Қайт!" деген адам дауысы да үзіліп-үзіліп естілді.

- Ауыл! - деді Дөнен қуанғаннан. - Бұл арада ешқандай ауыл жоқ еді ғой?!

- Көшіп келген де. – Қарлығаш та қуанып. - Шопандардың бүгін бұл жерде, ертең басқа жерде, көшіп-қонып жүретінін білмейтін адамдай айтасың...

- Шынымен де, - деді Дөнен келіскендей. - Қарлығаш, сен осында отыра тұр, мен шауып барып су алып келейін...

- Мейлі, - деді Қарлығаш. 

- Әлде сен де бірге барасың ба?

- Жоқ, өзің барып келе ғой. Мен сәл шаршадым. Сен келгенше демала тұрамын.

- Жарайды.

Дөнен жарыққа қарай жылдам жүріп кетті. Сәл ұзағанда неге екені белгісіз, көңілі алаңдап, түбінде Қарлығаш қалған жыңғылды іздеп, артына қарайлай берді. Алда, "кел, су беремін" дегендей жарық жымыңдап өзіне қарай шақырады. Иттердің дауысы да тым жақыннан естілуде. Асыққаннан аяғының астына қарамай, шалынысып құлап, тікен шөптер тізесін қанатып, Дөнен жүгіріп келеді. Міне құлағына адамдардың сөйлескен дауыстары да келе бастады. Қарайған екі киіз үйдің, оның жанында шөккен түйелердің сұлбасы анық көрінді. Жақындай келе, қойлардың бір нәрседен үріккендей тыпырлағанын, ал үйдің алдына жиналған кісілердің бір шаруаны талқылап жатқанын байқады. Дөнен жақындап келіп, амандасты:

- Ассаламағалайкум!

Әңгіме сап тиылды. Дөненді көріп, "жердің астынан шықты ма, аспаннан түсті ме?" дегендей таң қалысты. Орталарынан сақалды бір кісі шығып, қолын ұсынды.

- Уағалайкумассалам...қарағым, кел, - деді қайран болғанын жасыра алмай. - Түнделетіп неғып жүрген жансың?

- Сусын керек болып қалып...

Дөнен өзінің оқиғасын бір-екі сөзбен айтып берді. Тыңдап тұрғандардың аузы ашылып қалыпты. Бәрінің ойында "Жігітім, есің дұрыс емес болар? Мынадай түнде ұзақ жолға шығып" деген сұрақтар тұрды. Осы кезде шалдың жанына үлкен ала төбет келіп, қыңсылап, шапанының етегіне сүйкеленіп еді, Дөненді көре салып ырылдай бастады. 

- Жат деймін! - деп шал айғайлап қап еді, төбет үйдің артын айналып кетті.

- Дәл қазір ғана, малға аю шапты, - деді шал Дөненге бұрылып.

- Аю?!

- Иә. Бұл жерден оны кеше байқадық. Сол кешеден бері тыныштық жоқ. Басқа жайлауға көшпесек, одан құтыла алмаспыз.

- Таң атсын, мен оған көрсетемін, - деді топ арасынан бірі.

- Иә саған, не көрсетпекшісің? - деп екіншісі оған қарсылық білдірді.

- Неге олай дейсің? Менде мылтық бар. Қырғызбай мергенді шақырамыз көмекке.

- Солай істеу керек, - деді ақсақал келісіп. - Әй, қайсың бар, қонаққа су беріңдер. Ыдысың бар ма, қарағым?

-  Жоқ. Маған бір шишаға құйып берсе де жетеді.

- Бөтелке тауып, су толтырып беріңдер, - деп тапсырма берді де, Дөненге бұрылып, - Ал, сен балам... беймезгіл уақытта жолға шығыпсың. Көріп тұрсың, қараңғы түн, айнала түнек. Дұрысы, сен келінді осында алып кел. Қонып, таңертең шығасыңдар. Мақұл ма? 

Осы кезде кішкентай бір қыз бала су құйылған бөтелке алып келіп, Дөненге ұсынды. Қызға ризашылғын білдіріп, шалға жауап берді:

- Ойланып көрейік.

- Солай қылыңдар, қарағым. Тағы да не деп болады. 

Танымайтын кісілердің алдында сыр бермегенімен, мына сөздерден кейін Дөненнің жүрегі дүрсілдеп кетті. Бөтелкені қолына қыса ұстап, Қарлығашты қалдырып кеткен жыңғылға қарай ұшты. Асыққаны сонша, тіпті өзі судан бір ұрттамады. Шөлден тілі аузына симай, өкпесі өшіп, ентігіп кетті. Сәл аяңдап жүріп барып, қайта жүгіреді. Бір кезде алыстан қарайған бұтаны көрді. Бұл өзі асыққан жыңғыл бұтасы еді. Көңілі орнына келгендей болып, сәл демін алмақ үшін жүруін бәсеңдетті. Сол кезде аяғы бір затқа шалынысып құлауға аз қалды. Шалынысқан не болды екен деп төмен қарады да, өз көзіне өзі сенбей қатты да қалды... Аяғының астына қып-қызыл қанға бөккен Қарлығаштың денесі жатты. Үсті-басы парша-парша болып жыртылған, өлер алдында осыншама жерге сүйретіліп келген ау байғұс. Әйелінің өлі денесін құшақтап отыра кеткен Дөненнің жан дауысы шықты.

- Қарлыға-а-а-ш!!!

Жан түршігерлік ащы айқай түн тыныштығын бұзды. Не істерін білмеген Дөнен, есі ауысқан адамдай тек айғайлай берді. Алып келген бөтелкенің аузы ашылып кеткен, су бүлкілдеп жерге төгіліп жатты. 

- ... Бар жағдай осы, Сәбит аға.

Шөл далада болған бұл қайғылы оқиға Сәбит ағаға қатты әсер етті. Жүзінде ауыр қайғының ізі байқалып, көзіне жас үйіріле берді. Назарын жігіттен алмай үнсіз отырып қалды. 

- Кейін, - деп ауыр дем алып Дөнен әңгімесін аяқтады. - Кейін... сол маған су берген ауылдың жігіттерімен Қарлығаштың денесін ауылға алып барып, арулап жерледік... Келесі күні қолыма қару алып, қанішер хайуанның ізіне түстім. Қырғызбай мерген өз жігіттерімен қосылды... Бірақ аюды өзім атып алдым. Терісін Қырғызбай сыпырып, илеп берді. - Сәл үнсіздіктен кейін жалғастырды. - Сізге тарту ретінде алып келген тері, сол аюдың терісі, Сәбит аға. Мың жасаңыз! Бар өміріңізде осы шайтан алғыр теріні басып, таптап жүріңіз, сонда менің көңілім орнында болады, аға...

Ары қарай сөйлеуге күші жетпей, Дөненнің басы төмен салбырап, көзінен жас шығып кетті. Қысыңқы көздері одан бетер жұмылып кеткен Сәбит аға жігіттің иығынан сипап, оның жылауын тоқтату үшін не айтатынын білмеді...

* * *

Сәбит аға әңгімесін айтып бітті. Қазір ғана естіген трагедияның әсерінен мен де үнсіз отырып қалдым. 

- Содан бері он жыл өтті, - деді Сәбит аға қолын менің иығыма қойып. - Үйге қонақ келсе болды үстіне шығарып таптатамын, өзім де таптаймын. 

- Дөненнен хабарыңыз болмады ма?

- Неге болмасын. Осында алып келіп оқыттым. Институтты бітірді. Қазір ауылында зооветеринар. Бірақ әлі үйленген жоқ, - деп таяғына сүйеніп, орнынан ауыр көтерілді. - Жүр сары бала, енді дем алайық.   

Уақыт түнгі он екілерден өтіп кеткен, көшеде тірі жан жоқ, айнала тып-тыныш. Ал мен болсам, "егер ұл тусам атын Асқар, ал қыз босансам - Ботагөз қоямын" деп армандаған әдемі жас әйелдің өмірін және оның өмірге келіп үлгермеген сәбиін қыршын еткен жабайы аңның терісінің жанында қалай ұйықтаймын деген оймен, Сәбит ағаға ілестім. 

Өзбек тілінен аударған Рашид БЕЙБІТҰЛЫ