Олий Мажлис Сенатының төрағасы Танзила Нарбаева 24 сәуірде АҚШ-тың Юта штаты Сенатының төрағасы Стюарт Адамс бастаған делегациямен келіссөздер жүргізді.
Өзбекстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықтың маңызды бағыттары, атап айтқанда, сауда-экономика, еңбек қатынастары, гендерлік теңдік, парламентаралық диалогты нығайту салаларындағы қарым-қатынастарды дамыту мәселелері талқыланды.
«Диалог барысында инвестиция, тауар және қызметтер нарығы, тау-кен өнеркәсібі, энергетика, ақпараттық технологиялар салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру туралы пікір алмасылды. Ютаның іскер топтарымен өзара қызығушылық тудыратын нақты жобаларды жүзеге асырудың, аймақтар арасында серіктестік орнатудың және қарым-қатынасты нығайтудың маңыздылығы атап өтілді», делінген хабарламада.

Сұхбат барысында тараптар гендерлік теңдік, еңбек қатынастары және көші-қон, денсаулық сақтау және білім беру салаларында ынтымақтастық орнату бойынша әлеуметтік жобаларды белсендіру мәселелеріне тоқталды.
«Стюарт Адамс бірқатар бағыттар бойынша, атап айтқанда, бизнес пен кәсіпкерлік белсенділікті қолдау, әлеуметтік салада перспективалық жобаларды жолға қоюда Юта штатының Сенаты дайын екенін және бұған жетекші компаниялардың жетекшілері мүдделі екенін атап өтті», делінген хабарламада.