Ўзбек
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
Танымал ақын Есенғали Раушанов өмірден өтті
14:11 / 2021-04-16

Қазақтың белгілі ақыны Есенғали Әбдіжаппарұлы 64 жасқа қараған шақта өмірден өтті.

Бұл туралы ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек өзінің Facebook парақшасында хабарлады.

«Қадірлі ағайын! Қазақтың аса көрнекті ақыны, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Есенғали Раушановтан айырылып қалдық. Алла алдынан жарылқасын. Асыл рухы бейіштің төрінде шалқысын»,-деп жазады Ақберен Елгезек.

Есенғали Әбдіжаппарұлы Раушанов 1957 жылы 5 қазанда Қарақалпақстанның Хожелі қаласында дүниеге келген. Ол Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқып, еңбек жолын Өзбекстанның Жызақ облысы Мырзашөл ауданындағы «Достық» газетінде әдеби қызметкер лауазымында бастаған. 

Кейіннен 1983–1987 жылдары «Жалын» және «Арай» журналдарында поэзия бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, 1988–1995 жылдары «Білім және еңбек» («Зерде») журналының бас редакторы қызметін атқарды. «Жазушы» баспасының директоры болды. 

ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері. 

Көрнекті қаламгердің «Бастау» (1980), «Келінтөбе» (1984), «Шолпан жұлдыз туғанша» (1986), «Ғайша бибі» (1992), «Қара бауыр қасқалдақ» (1995), «Періштелер мен құстар» (2005), «Бозаңға біткен бозжусан» (2006), «Құстар біздің досымыз» (2007) секілді бірқатар жыр жинақтары жарық көріп, өлеңдері орыс, литва, болгар, чех, украин, өзбек, қырғыз тілдеріне аударылған.

Қазақ поэзиясына өзіндік қолтаңбасын қалдырған ақынның туыстарына және қалың оқырманға көңіл айта отырып, ақынның бір шумақ өлеңін ұсынуды жөн көрдік.

* * *
Я хотел бы
Жить и умереть в Париже,
Если бы не было такой земли -
Москва.
В. Маяковский

Көгілдір кеш,
көк мешіт,
жорға бұлақ,
Аспан да - бақ,
жер де - бақ,
жол дағы - бақ.
Мен Ташкентте өлер ем,
Алматым бар,
Құшақ ашып тұрған жоқ ол да бірақ.

Жан-жағымнан қап-қара тасқын қамап,
Жандәрмен күн қаша алмай бас бұрмалап,
Мен Ташкентте өлер ем,
Саламатхан,
Сенің нөпір шашыңның астында қап.

«Мен қазақпын!
Алматы,
ар ма!» - дедім.
Жылытпады ол мұз болып қалған өңін.
Қапа шығар қазаққа... дедім іштей
Қарындасы секілді хан Кененің.

Тұлдана да қарайды, сұрлана да
Нөкеріндей көк найза шыңдар ана.
Қатал,
қайсар,
қызғаншақ,
өр көкірек,
Бір нәзіктік бар бірақ бұл қалада.

Бір нәзіктік бар онда... тіксінбелік,
Қайсар қыздың жанын ел ұқсын делік.
Сұлу жүзін жас жуып кетеді әр кез,
Бірақ кірпік қақпайды ол сұп-сұр болып.

Мәйін бұлақ алдымда жорғалады,
...Мешіттерді аралап жол барады.
Мен Ташкентте өлер ем,
Алматы бар,
Тек мен ғана түсінем ол қаланы.