Таиланд соты ел премьер-министрін қызметінен босатты
Таиландтың конституциялық соты премьер-министр Сеттха Тхависинді этика кодексін өрескел бұзды деп тауып, оны қызметінен босатты.
Bangkok Post басылымының хабарлауынша, үкімнен кейін Тхависин сот шешіміне құрметпен қарайтынын білдірген. Парламент жаңа үкімет басшысын сайлағанға дейін оның орынбасары қызметін атқаратын болды.
Тхависиннің кінәсі жемқорлыққа қатысы бар адамды министрлікке тағайындауы болған. Ол көктемде жұмысқа алған адвокат Пичит Чуенбан 2008 жылы сыбайлас жемқорлық ісі бойынша (екі әріптесімен Жоғарғы сот судьяларын 2 миллион батқа сатып алмақ болғаны үшін) алты айға түрмеге тоғытылған.