Сырдария облысы Оман Сұлтандығынан келген мәртебелі қонақтарды қарсы алды.
Сауда-өнеркәсіп палатасының Оңтүстік Әш-Шарқия аймағындағы басқарма төрағасы Анвар Хамид әл-Санани бастаған 30-ға жуық кәсіпкер Өзбекстан Экспорттаушылар қауымдастығы өкілдерімен бірге аймаққа арнайы сапар жасады.
Қонақтар өңірдің өнеркәсіптік әлеуетімен танысып, бірқатар кәсіпкерлік субъектілерін аралады. Атап айтқанда, делегация мүшелері «Elegant Fiber Textile» тоқыма кәсіпорны, «Yangiyer flour trading» ұн және қап өндіру зауыты, «Eco Wood Plus» жиһаз шығару кәсіпорны және «Chengiz Energy» гидроэлектр станциясына барып, бұл жобалардың жұмысымен және келешегімен жақыннан танысты.
Сапар аясындатоқыма, азық-түлік және құрылыс салаларында қызмет ететін екі елдің іскер топтары арасында Өзбекстан-Оман бизнес форумы өтті. Форум барысында тараптар бірлескен жобаларды дамытуға байланысты пікір алмасты. Сонымен қатар, B2B форматындағы кездесулер ұйымдастырылып, өзара тиімді әріптестікті нығайту жолдары талқыланды.
Бұл шара екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беріп, болашақтағы ортақ жобалар үшін берік негіз қалады.