Стокгольмде Өзбекстан елшілігі ашылады
2021 жыл 3 желтоқсанда Стокгольмде жұмыс сапарымен жүрген Өзбекстан Сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы қазіргі төрағасы, Швеция Сыртқы істер министрі Анн Кристин Линдемен кездесті.
СІМ мәліметінше, Абдулазиз Камилов швед тарапын ЕҚЫҰ-ға табысты төрағалығымен құттықтап, Өзбекстанның осы құрылыммен сындарлы және өзара тиімді диалогты кеңейтуді қолдайтынын атап өтті.
Кездесуде Өзбекстан мен Швецияның саяси-дипломатиялық, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға бірдей мүдделі екені расталды. Болашақ іс-шаралардың, оның ішінде министрлікаралық саяси консультациялардың кезекті раундының кестесі қаралды.
Стокгольмде Өзбекстан елшілігінің ашылуы екіжақты ынтымақтастықты айтарлықтай жеделдететіні айтылды.
Сонымен қатар тараптар Ауғанстандағы жағдай жөнінде де пікір алмасты.