Стефанос Циципас «Masters» турнирінде жеңіске жетті
Грекиялық теннисші Стефанос Циципас Монте-Карлода өткен «Masters» турнирінде жеңіске жетті.
Ол мансабында сегізінші, «Masters» турнирінде екінші жеңісіне қол жеткізді.
1 сағат 36 минутқа жалғасқан финалдық кездесуде 23 жастағы грек теннисшісі испандық Алехандро Давидович-Фокинді екі сетте 6:3, 7:6 (7:3) есебімен ұтты.
Жүлде қоры 5,4 миллион еуроны құрайтын турнирдегі сәтті жеңіс Циципасқа 836 мың еуро ақшалай сыйақы нәсіп еткен болса, екінші орынды иелеген Давидович-Фокин 457 мың алған.
Стефанос Циципас өткен жылғы Монте-Карлодағы турнирде де чемпион атанған болатын. Былтырғы финалда ол ресейлік Андрей Рублевті жеңген еді.