24 шілде, бейсенбі күні әлем бойынша спутниктік байланыс саласында ауқымды іркіліс орын алды. Starlink жүйесіндегі ақау шамамен 2,5 сағатқа созылып, ғаламдық деңгейде пайдаланушылардың интернет пен байланысқа қол жеткізуінде үзілістер туындады.
АҚШ-тың SpaceX компаниясына қарасты бұл спутниктік интернет жүйесінің вице-президенті Майкл Николс X әлеуметтік желісінде:
«Желіде шамамен 2,5 сағатқа созылған үзілістен кейін Starlink жүйесі іс жүзінде қайта қалпына келтірілді. Ақаудың себебі, негізгі желі жұмысына жауап беретін ішкі бағдарламалық қамтаманың істен шығуы», – деп жазды.
Starlink жүйесіндегі бұл ғаламдық үзіліс Украина Қарулы күштерінің әрекеттеріне де әсер етті. Атап айтқанда, ұшқышсыз жүйелер басқармасының басшысы Роберт Бровди Starlink байланысының фронттың барлық бағытында тоқтағанын мәлімдеді. Алайда бірнеше сағат өткен соң, ол барлық бағытта байланыс қалпына келгенін хабарлады.
Starlink жүйесі қазіргі таңда әлемнің көптеген аймағында, әсіресе алыс, қолжетімсіз жерлерде интернет пен байланыс инфрақұрылымын қамтамасыз ететін маңызды құралға айналған. Сондықтан мұндай үзілістер тек техникалық мәселе ғана емес, қауіпсіздік пен әскери стратегия тұрғысынан да елеулі оқиға ретінде бағаланып отыр.