Chinese
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
Starlink жасанды жерсерік байланыс жүйесі алғаш рет смартфондарда жұмыс істей бастады
10:51 / 2024-12-20

SpaceX компаниясы Жаңа Зеландияның One NZ операторы арқылы әлемде алғаш рет смартфондардың Starlink желісіне қосылуын іске қосты.

Spacenews хабарламасына сәйкес, Starlink-тің ғарыштық қамтуы арал мемлекетінің бүкіл аумағын толықтай жабады және пайдаланушыларға байланыс мұнараларысыз-ақ SMS жіберуге мүмкіндік береді.

Қызмет қазіргі уақытта толықтай тегін жұмыс істеп тұр, бірақ ол төрт түрлі құрылғыға ғана қолжетімді: Samsung Galaxy Z Flip және Z Fold 6, Galaxy S24 Ultra және OPPO Find X8 Pro.

«Қазіргі таңда мамандарымыз бұл технологияны басқа телефондарда да сынақтан өткізуде. 2025 жылдың соңына қарай жүздеген мың клиентіміз One NZ Satellite TXT қызметін қолдана алады деп жоспарлап отырмыз», — деген компания директоры Джо Годдард.

Қызметтің жалғыз кемшілігі — хабарламаның 3-5 минутта жеткізілуінде. Алайда, SpaceX тікелей байланыс топтарының тығыздығын арттыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Болашақта бұл көрсеткіш жақсарып, хабарламалар орта есеппен бір минут ішінде жеткізіле бастайды. Бірақ әзірге мұны жүзеге асыру үшін қанша жерсерік қажет болатыны айтылмаған.

Қазіргі уақытқа дейін SpaceX төменгі Жер орбитасына смартфондарға ұялы байланыс спектрлерін пайдалануға мүмкіндік беретін пайдалы жүктемеге ие Starlink аппараттарының тек 300-ін ғана ұшырған. Дегенмен, компания бұл көрсеткішті 7,5 мыңға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.

One NZ байланыс операторы Starlink компаниясымен серіктестікті алғаш болып бастады, бірақ бұл жаңа қызметті ұсынатын соңғы оператор болмайды. 2025 жылдан бастап АҚШ-тың T-Mobile компаниясы өз пайдаланушыларын Starlink желісіне қосуды жоспарлап отыр. Одан кейін Жапонияның KDDI, Аустралияның Optus, Швейцарияның Salt, Чили мен Перудің Entel, Канададағы Rogers компаниялары да Starlink арқылы жаңа қызмет түрін ұсынатын болады.