SsangYong Motor компаниясы банкрот болды
Оңтүстік Кореяның SsangYong автокөлік компаниясы өзін банкрот деп жариялап, бұл туралы сотқа өтініш берді.
«The Korea Times» басылымының хабарлауынша, автокөлік өндірісіндегі алып компанияның мерзімі өткен қарызы 315,3 млрд вонға (285 млн доллар) жеткен.
Автоконцерн коронавирус пандемиясының әсерінен туындаған экономикалық дағдарыс салдарынан қаржылық проблемаларға тап болған. Корпорацияның қарызы оның капиталының 42 пайызын құрайды. Қазіргі кезде компанияның шетелдік инвесторлар алдындағы қарызы 100 млрд вонға (90 млн доллар) жеткен болса, Кореялық несие берушілер мен Кореяның Даму Банкі алдындағы қарызы 215 млрд вонды (194 млн доллар) құрауда.
SsangYong Motor компаниясының тағдыры алдағы үш айда шешіледі - осы уақыт аралығында автоконцерн өзіне жаңа инвестор-иеленуші табуы немесе қарыз берушілермен қарызды қайта құрылымдау туралы келісуі керек.