Ташкент халықаралық инвестициялық форумы аясындағы маңызды оқиға Сұрхандария облысының Ангор ауданында жаңа жылу электр станцияының құрылысына арналған салтанатты шара өтті.
Атаулы шарада Президент Шавкат Мирзияев болашақ станцияның қуаты мен тиімділігіне тоқталды.

Жобаның жалпы құны 1,2 миллиард долларды құрайды, ол жылына 1560 мегаватт электр энергиясын өндіріп, жылына 12 миллиард киловатт-сағат электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді. Жоба аясында ең соңғы заманауи технологиялар орнатылып, жылына 1 миллиард текше метр табиғи газды үнемдеуге мүмкіндік береді.

Бұл кешен Сұрхандариядағы алғашқы, Өзбекстанда соңғы жылдары салынған ең ірі жылу электр орталығы болмақ. Бұл аймақтың шексіз экономикалық әлеуетін жүзеге асыруға зор мүмкіндіктер туғызады.

Мысалы, Сұрхандария облысында мұнай, газ, көмір, асыл және түсті металдардың, сәндік тастардың көптеген түрлерінің 100-ден астам кен орындары болғанымен, олар жеткілікті түрде игерілмеген. Сондықтан алдағы бес жылда облыста жалпы құны 7 миллиард долларды құрайтын 5 мыңнан астам инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.

Станцияда өндірілетін электр қуаты Сұрхандариядағы 500 мың үйді жарықтандырумен қатар, көрші Ауғанстанға жылына кемінде 3 миллиард киловатт-сағат электр энергиясын экспорттауға мүмкіндік береді.
Жобаны Германияның «Siemens Energy», Францияның «IDEF» және Нидерландының «Stone City Energy» компаниялары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырып отыр. Мемлекет басшысы бұған ерекше назар аударып, салаға жеке капиталдың қатысуына кең мүмкіндіктер ашылып жатқанын айтты.

– Соңғы жылдары біз энергетика саласында үлкен реформалар жүргізіп, секторды толығымен трасформациялаудамыз. Атап айтқанда, электр энергиясын өндіру тарихында алғаш рет жеке сектордың қатысуы үшін кең мүмкіндіктер ашылды. Соңғы үш жылда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жалпы қуаты 1000 мегаватттан асатын 5 электр станциясы іске қосылды. Шетелден тартылған инвестиция көлемі 1 миллиард доллардан асты, -деді Шавкат Мирзияев.
Қазіргі уақытта Өзбекстанда қуаты 9 мың мегаватт болатын тағы 19 электр станциясы салынуда. Олардың жалпы құны 10 миллиард доллардан асады.

Президент шараға қатысқан халықаралық қаржы институттары мен компания басшыларына алғысын білдіріп, Өзбекстанның шетелдік инвестиция тартылған жобаларды толық қолдайтынын тағы да айтты.
Шараға қатысқан «Siemens Energy» компаниясының президенті Кристиан Брух пен «IDEF» компаниясының атқарушы директоры Беатрис Буффон Өзбекстандағы энергетикалық жүйені заманауи технологиялар негізінде жаңғыртуға жоғары баға берді. Олар Президент Шавкат Мирзияевтің басшылығымен жүргізіліп жатқан реформаларды қолдап, тағы да көптеген жобаларға қатысуға ниет білдірді.

Осыдан кейін мемлекет басшысы рәміздік түймені басып, жылу электр орталығының құрылысын бастады.
Станцияны 2024 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.