SpaceX компаниясы Axiom коммерциялық бағдарламасы аясында туристерді Халықаралық ғарыш станциясына (ХҒС) ұшырды.
Компания дерегінше, Флорида штатындағы Канаверал мүйісіндегі Кеннеди ғарыш орталығынан көтерілген кемеге NASA-ның бұрынғы астронавты және ХҒС-тың бірінші әйел командирі Пегги Уитсон басшылық етіп, ғарыш кемесінде одан бөлек тағы үш азамат: ұшқыш - кәсіпкер Джон Шоффнер, ал экипаж мүшелері - Сауд Арабиясының астронавтары Райян Барнави мен Али әл-Карни бар.
Ғарышкерлер ХҒС-та сегіз күн болып, оның тұрақты экипажымен бірге жұмыс істейді. ХҒС-мен түйісу 22 мамырға жоспарланған.
Бұл американдық Axiom компаниясының бағдарламасы бойынша ХҒС-қа екінші коммерциялық рейс.
Axiom-1 бірінші коммерциялық астронавт миссиясы 2022 жылдың сәуірінде өтті. Үшінші Axiom (Ax-3) миссиясы 2023 жылдың соңына жоспарланған, онда төрт адамнан тұратын экипаж екі апта ХҒС-та болады.
Axiom-1 миссиясының әрбір мүшесінің ұшу құны 55 миллион долларға бағаланады.
SpaceX компаниясымен келісім бойынша Axiom Space бағдарламасы аясында ғарыш туристерімен ұшулар келешекте жылына екі-үш рет жүзеге асырылады деп жоспарлануда.