Сон Хён Мин Оңтүстік Кореяның ең жоғары спорттық марапатына ие болды
«Тоттенхэм» клубының шабуылшысы Сон Хён Мин Ағылшын Премьер-Лигасында үздік сұрмерген атанып «Алтын бутса» жеңіп алған алғашқы азиялық ойыншы болғаннан кейін Оңтүстік Кореяның ең жоғары спорттық марапатымен марапатталды.
29 жастағы футболшы Сеулдегі стадионда Оңтүстік Корея мен Бразилия арасындағы жолдастық кездесуі алдында ел президенті Юн Сок Ёлдан «Cheongnyong» медалін алды.

Бұған дейін осы марапатты алғандардың арасында мәнерлеп сырғанаудан екі дүркін Олимпиада чемпионы Ким Ён А мен гольф ойыншысы Пак Сери бар.
Еске салар болсақ, Сон биылғы маусымда Англия чемпионаты ойындарында 23 гол соғып АПЛ-дің үздік сұрмергені атанған еді.