Словакияның Банска-Бистрица қаласының соты елдің премьер-министрі Роберт Фицоға оқ атқан 72 жастағы жазушы Юрай Цинтуланы 21 жылға бас бостандығынан айырды.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, Цинтула терроризм әрекетін жасағаны үшін кінәлі деп танылған. Қорғау тарапы істі билік өкіліне шабуыл жасау бабы бойынша қайта қарауды сұраған, бұл жеңілірек жазаға әкелуі мүмкін еді.
Айыпталушының айтуынша, ол Фицоны өлтіргісі келмеген, тек оның денсаулығына зиян келтіру арқылы премьер-министрлік қызметін атқара алмайтындай етуді көздеген. Ол өз әрекетін Фицо жүргізіп отырған саясатқа деген өшпенділікпен түсіндірген.
Фицо 2023 жылдың қазан айынан бері Словакияның премьер-министрі қызметін атқарып келеді.
2024 жылдың 15 мамырында Гандлова қаласында өткен үкімет отырысынан кейін Юрай Цинтула премьер-министрге бес рет оқ атқан. Ол оқиға орнында ұсталды, ал Фицо ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Кешке қарай оның жағдайы тұрақтанып, мамыр айының соңында ауруханадан шығарылды.