ӨР Инвестициялар, индустрия және сауда министрі Лазиз Қудратов Сингапурдың Еңбек ресурстары министрі, Сауда және өнеркәсіп екінші министрі Тан Си Ленгпен кездесті.
Министрлік ақпаратына сәйкес, сұхбат барысында екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелеріне басты назар аударылды.
Атап айтқанда, сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланып, Сингапур тарапы өзара сауданың ауқымы мен көлемін кеңейту бойынша кешенді шараларды қабылдауға дайын екенін атап өткен.
«Биылғы жылдың қыркүйегінде Сингапурде «Made in Uzbekistan» көрмесін өткізу келісілді. Бұл екі елдің өндірістік кооперациясының әлеуетін ашып, бірлескен инвестициялық жобалар қоржынын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Сонымен бірге, өзара қарым-қатынастың басқа да өзекті мәселелері, оның ішінде білім беру саласындағы серіктестік қатынастарды дамыту, екі ел арасындағы тікелей әуе қатынасын қалпына келтіру мүмкіндіктері және Сингапур тәжірибесіне негізделген Өзбекстанда «Ақылды қала» бірлескен жобаларын жүзеге асыру перспективалары талқыланды», делінген хабарламада.

Ведомство дерегінше, кездесу соңында тараптар барлық талқыланған уағдаластықтарды жүзеге асыруды жеделдету үшін кезең-кезеңімен бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеуге келісті.