Өзбекстан мен Сингапур тоқыма және химия өнеркәсібінде жаңа жобаларды жүзеге асыруды көздейтін стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Инвестициялар, индустрия және сауда министрлігінің ақпаратына сәйкес, министр Лазиз Қудратов Indorama корпорациясының директоры Пракаш Кежривалмен кездесіп, онда ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мәселелері талқыланды.
Атаулы кәсіпорын әлемнің 22 елінде 39 өндіріс орны бар және жіп өндірісі бойынша Азияда 1-орын, ал полестер, синтетикалық маталар және химиялық тыңайтқыштар өндірісі бойынша әлемдік көшбасшы.
Қазіргі кезде Өзбекстанда Indorama корпорациясының жіп және дайын тоқыма өнімдерін шығаратын кәсіпорындарды, суперфосфат және аммиак шығаратын зауыттары бар.
Министрлік дерегінше, осы кездесуде тоқыма және химия өнеркәсібінде жаңа жобаларды жүзеге асыруды көздейтін Стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған.
Сонымен қатар Meinhardt Group төрағасы Шахзод Насиммен келіссөздер барысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке негізделген бірлескен жобалар мен инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланған.
«Сингапурлық компания басшылығына бірлесіп әзірлеуге ұсынылған перспективалық жобалардың толық презентациясы өтті. Талқылау соңында тараптар бірлескен жобалық-инжинирингтік орталық құру туралы келісімге келді. Орталықтың негізгі міндеті – қала құрылысы мен өнеркәсіптік секторлардағы бастамалардағы озық тәжірибені енгізу. Атап айтқанда, олардың қатарында «Жаңа Ташкент» смарт қаласының бірінші кезеңінің бас жоспарын әзірлеу, сондай-ақ заманауи химия және фармацевтикалық өнеркәсіптік кәсіпорындарды құру қарастырылған. Орталыққа білікті мамандарды сингапурлық компания дайындайды», делінген хабарламада.