2024 жыл 26-30 тамыз күндері Самарқанд қаласында ЮНЕСКО мен АЙСЕСКО қолдауымен «Шығыс әуендері» XIII Халықаралық музыка фестивалі өтеді. Алғаш рет 1997 жылы ұйымдастырылған бұл фестивальге биыл әлемнің 70-тен астам елінен 300-ден астам өкіл қатысады.
Фестиваль аясында 27-28 тамыз күндері Юнус Раджаби атындағы Өзбек Ұлттық музыка өнері институтында «Шығыс халықтарының музыка мәдениеті: жаһандану үдерістерінде шығармашылық үйлесімділік қағидаттары» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу жоспарланған.
Конференцияға 32 шетелден 46 музыка зерттеуші, фольклоршы және мәдениеттанушы ғалымдар, сондай-ақ беделді жоғары оқу орындарының ректорлары мен ғылыми-шығармашылық орталықтардың басшылары қатысады.
Конференция барысында сала мамандары ұлттық музыка өнерін түркі мемлекеттерінің музыка мәдениетімен үйлестіру, инновациялық білім беру технологияларын кеңінен енгізу сияқты мәселелерді талқылайды. Сондай-ақ ТҮРКСОЙ жанындағы «Түркі мемлекеттері өнер университеттері одағы» резолюциясын қабылдау және түрлі елдердің жоғары оқу орындары арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қою жоспарланған.
Сонымен қатар Қытай, Франция, Ресей, Германия, Гамбия, Оман және Иордания елдерінің жоғары оқу орындары және халықаралық ғылыми-зерттеу орталықтарымен жалпы 12 ынтымақтастық келісіміне қол қойылады.
Бұл ынтымақтастық бірлескен шығармашылық жобаларды, халықаралық фестивальдер мен байқауларды ұйымдастыруды, профессор-оқытушылар құрамының шеберлік сабақтарын өткізуін, ғылыми зерттеулер мен теориялық дәрістер оқуды қамтиды.
Конференцияның тағы бір маңызды бөлігі «Мақам капсуласы» таныстырылымы болып, ол ғылыми форумның шығармашылық шыңы ретінде сипатталуда. Мақам капсуласы ғылыми жаңалық болып, онда әрбір мақамның орындалу уақыты мен оның адамның психикасына оң әсері туралы ақпарат қамтылған «Қолдану жөніндегі нұсқаулық» та ұсынылады.
Конференцияның ғылыми нәтижелері мен қорытындысы, сондай-ақ іріктелген үздік жинақталған «Мақалалар жинағы» басылып шығады және қатысушылар мен қонақтарға сыйға беріледі.
Сонымен қатар әрбір қатысушы Өзбекстан Республикасының Мәдениет министрі тарапынан халықаралық сертификаттар және естелік сыйлықтармен марапатталады.