Мьянманың ШЫҰ-мен диалог бойынша әріптес мәртебесін алу туралы өтініші 15-16 қыркүйекте Самарқанд қаласында өтетін Мемлекет басшыларының кездесуінде қаралады.
Бұл туралы ШЫҰ істері бойынша Ресейдің арнайы өкілі, Ресей Сыртқы істер министрлігінің маңызды тапсырмалар бойынша елшісі Бахтиёр Хакимов РИА Новости хабарлаған.
«Мемлекет басшылары кеңесінің келесі отырысында Мьянманың ШЫҰ-мен диалог бойынша әріптес мәртебесін беру туралы өтініші қаралады. Бұл жерде біз ұйым мүшелігіне қабылдау туралы айтып отырған жоқпыз», - деген Бахтиёр Хакимов.
Оның айтуынша, өтініш өткен жылы берілген.
ШЫҰ – 2001 жылы құрылған халықаралық ұйым. Ұйымға Өзбекстан, Үндістан, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Пәкістан мүше. Қазірде Ауғанстан, Беларусь, Иран, Моңғолия бақылаушы мемлекеттер мәртебесін алған. Сонымен қатар, ұйымның серіктес елдері бар, олар Әзірбайжан, Армения, Камбоджа, Непал, Түркия және Шри-Ланка.
2021 жылы Душанбеде өткен ШЫҰ саммитінде Иранды мүшелікке қабылдау және Египет, Катар және Сауд Арабиясына диалог бойынша серіктес мәртебесін беру процесі басталған. Биыл Беларусь ШЫҰ-ға тең құқылы мүше болуға өтініш берді.