Швейцария үкіметі Венесуэланың бұрынғы басшысы Николас Мадуроға және онымен байланысты тұлғаларға тиесілі барлық активтерді дереу «мұздату» жөнінде шешім қабылдады.
Атап өтілгендей, Федералдық кеңес сақтық шарасы ретінде Мадуро мен оның жақын айналасына жататын адамдардың Швейцария аумағында болуы мүмкін мүліктерін төрт жыл мерзімге бұғаттауды ұйғарған. Қазіргі уақытта активтердің нақты бар-жоғы немесе олардың көлемі жөнінде ешқандай ақпарат берілген жоқ.
— Федералдық кеңес қазіргі жағдайда заңсыз жолмен иеленілуі мүмкін активтердің Швейцариядан сыртқа шығарылып кетпеуін қамтамасыз етуді көздейді, — делінген ресми хабарламада.
Еске сала кетейік, Швейцария 2018 жылдан бері Венесуэлаға қатысты санкциялар енгізіп келеді. Ал АҚШ, Канада және Еуропалық Одақ 2017 жылдың өзінде-ақ Каракаспен қаржылық және экономикалық байланыстарға шектеулер қойған болатын.
Егер алдағы сот процестері барысында бұл қаражаттардың заңсыз жолмен алынғаны дәлелденсе, Швейцария оларды Венесуэла халқының мүддесі үшін қайтаруға күш салады.