Швеция мен Финляндия НАТО-ға кіру үшін Түркиямен келісілген шарттарды орындамады. Бұл туралы Түркия Сыртқы істер министрі Мавлуд Чавушоглу мәлімдеді.
«Финляндия мен Швеция Түркиямен келісімдер бойынша әлі нақты қадамдар жасаған жоқ», деген ол.
Оның айтуынша «Әзірге біз Швеция мен Финляндияның НАТО-ға мүшелікке қатысты меморандумда бекітілген және ауызша берілген міндеттемелерді орындағанын көріп тұрған жоқпыз. Дегенмен, біз келіссөздерге дайынбыз. Швеция және Финляндия өкілдерімен мұндай алғашқы кездесу 26 тамызға жоспарланған», - деген Чавушоғлу Анкарадағы баспасөз мәслихатында.
Түркия билігі бұған дейін НАТО-ның маусым айындағы саммиті аясында Швеция және Финляндиямен қол қойылған меморандумның түпкілікті емес екенін және Стокгольм мен Хельсинки лаңкестік ұйымдарға қарсы тұру бойынша онда бекітілген міндеттемелерді орындамаған жағдайда түрік парламенті оны мақұлдамауы мүмкін екенін мәлімдеген.