Ташкенттің «Пахтакор» футбол клубының бас бапкері Шота Арвеладзе өзінің инстаграм парақшасында клубтан кеткенін мәлімдеді.
Грузиялық 47 жасты футбол маманы 3 жыл пахтакоршыларды басқарып, екі рет Өзбексан чемпионаты мен Кубогында және бір мәрте Лига Кубогында жеңіске жеткен.
Ол өз мәлімдемесінде: «Бүгін мен «Пахтакордың» бас бапкерлік лауазымынан кеттім. Мен енді клубтың бас жаттықтырушысы емеспін, бірақ мен әрқашан команданың басты жанкүйері боламын. Бұл мен үшін жақсы тәжірибе болды және мен мұнда керемет уақыт өткіздім. Біз ғажайып команда болдық, мен оны ешқашан ұмытпаймын», - деді грузиндік маман.
«Championat.asia» порталының мәліметәнше, Шота Арвеладзеге Азия мен Еуропадан бірқатар ұсыныстар бар. Олар қатарында, Қытай, Қатар, БАӘ және Түркия клубтары Арвеладзенің қызметіне қызығушылық танытып отыр. Грузиндік маман ұсынысты нақты қай командада қарастыратыны және ол кімнің пайдасына шешетіні әзірше белгісіз.
Еуропаның бірқатар үздік клубтарында өнер көрсеткен грузиндік футбол майталманы 2008 жылда футболшылық мансабын аяқтап, жасыл алаңдағы мансабын бапкерлік қызметінде атқарып келеді. Алғаш Нидерландының «АЗ Алкмар» клубында бас бапкердің көмекшісі ретінде жұмыс бастап, «Кайсериспор», «Касымпаша», «Трабзонспор» (Түркия), «Маккаби» (Тель-Авив), «Пахтакор» (Ташкент) клубтарында бас бапкерлік етті.