Русский
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
Шавкат Мирзиёев өзбекстандықтарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады
00:02 / 2024-01-01

Қадірлі Отандастар!

Елімізге жаңа – 2024 жыл кіріп келе жатыр.

Осы айтулы мерекеде ардақты әкелеріміз бен аналарымызды, аяулы әпке-қарындастарымызды, барлық сала өкілдерін, жігерлі жастарымызды, шетелдегі аяулы қандастарымызды – барша көп ұлтты халқымызды осынау мерекемен шын жүректен құттықтаймын.

Құрметті достар!

Әрине, өмір бар да оның жетістіктері мен қуаныштары, уайымы мен қиыншылықтары болуы заңдылық. Бірақ адам мен халық өзінің ақыл-парасаты, адал еңбегі, қайсар ерік-жігерімен кез келген сынақтан өте алады.

Осы тұрғыдан алғанда, 2023 жыл еліміз үшін берекелі жыл болды. Ең бастысы, елімізде татулық пен келісім, түрлі ұлт өкілдерінің арасында достық пен ынтымақ бар.

Тарихымызда тұңғыш рет бүкілхалықтық референдум негізінде жаңартылған Конституциямызды қабылдадық. Біз болашақ дамуымызды айқындайтын «Өзбекстан-2030» стратегиясын жүзеге асыруға кірістік.

Біз көптеген беделді конференцияларды жоғары деңгейде өткіздік.

Халықаралық аренада маңызды бастамалар көтердік.

Тұрақты экономикалық өсу қарқынын сақтай алдық.

Республикамызда жоғары технологиялық заманауи өнеркәсіптік кәсіпорындар, логистикалық және инфрақұрылымдық желілер, балабақша және мектептер, мәдениет және спорт нысандары салынды. Жаңа жұмыс орындары ашылуда. Қалаларымыз бен ауылдарымыз көркейіп, халықтың өмір сүру деңгейі көтерілуде.

Біздің бірлескен жұмысымыздың арқасында Жаңа Өзбекстан арманы шындыққа айналуда. Мен сіздерге, қымбатты жерлестерім, біздің барлық жетістіктеріміз үшін шын жүректен алғыс айтамын.

Құрметті достар!

Адам қасиетін асқақтату, халқымыздың мүддесін қамтамасыз ету, ол үшін қуатты экономика құру – басты міндетіміз. Осы мақсатта 2024 жылды елімізде «Ёшлар ва бизнесни қўллаб-қувватлаш йили» («Жастар және кәсіпкерлікті қолдау жылы») деп жарияладық.

Жаңа жылда экономикамызға шетел инвестициясын тарту, кәсіпкерлік пен жеке меншікке кең мүмкіндіктер жасауды күшейтеміз. Біз ғылым, инновация, IT, «жасыл» және цифрлық технологияларды дамытуға ерекше көңіл бөлеміз.

Жаңа жұмыс орындарын ашу, халықтың табысын арттыру басты назарда болмақ. Жалақы, зейнетақы, шәкіртақы мен жәрдемақы мөлшері ұлғайтылады. Қыз-келіншектер мен зиялы қауым өкілдерін, көмекке мұқтаж адамдарды қолдауға ерекше мән береміз. Әлеуметтік саланың дамуын мүлде жаңа деңгейге көтереміз.

Еліміздің тәуелсіздігін нығайтып, Қарулы Күштеріміздің жауынгерлік әлеуетін арттыру біздің басым бағытымыз болып қала бермек.

Бір сөзбен айтқанда, біз жаңа өмірді, Жаңа Өзбекстанды құру үшін бар күш-қуатымыз бен мүмкіндіктерімізді толығымен жұмылдырамыз.

Құрметті де қадірлі Отандастар!

Сіздерді Жаңа жыл мерекесімен тағы да құттықтап, баршаңызға зор денсаулық, отбасылық бақыт, шаңырақтарыңызға тыныштық пен береке тілеймін.

Әрбір отбасы, әрбір махалла, тұтас еліміз аман болсын!

Сүйікті Отанымызды Жаратқанның өзі панасында сақтасын!

Жаңа жыл бәрімізге құтты болсын!

 

Шавкат Мирзиёев,

Өзбекстан Республикасының Президенті