English
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
Шавкат Мирзиёев Сырдария облысының сайлаушыларымен кездесті
17:42 / 2023-07-06

Өзбекстан Либерал-демократиялық партиясынан Өзбекстан Республикасы Президенттігіне кандидат Шавкат Мирзиёев 6 шілде күні Сырдария облысының сайлаушыларымен кездесті.

Кездесуді кандидаттың Сырдария облысы бойынша сенімді өкілі Покиза Ахмедова ашып, Шавкат Мирзиёевтің басшылығымен Сырдария облысында халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытында орасан зор жұмыстар атқарылғаны атап өтілді.

Содан кейін Өзбекстан Республикасы Президенттігіне кандидат Шавкат Мирзиёев өзінің сайлауалды бағдарламасы бойынша баяндама жасады.

Үміткер алдымен өңірдегі көлік саласын алдағы жеті жылда дамыту жоспарына тоқталды.

– Қоғамдық көлік қызметін арттыру мақсатында Сырдария оьлысына 160 жаңа автобус әкелініп, заманауи жобалар негізінде 60 бекет салынады. Осылар арқылы 600 мыңнан астам сырдариялықтардың алысы жақындай түспек. Сонымен қатар, «Ташкент – Ховос» бағыты бойынша 35 жыл бұрын сатып алынған электр пойыздарын жаңартамыз. Ол үшін 20 миллион долларға заманауи электр пойыздарын әкелеміз, – деді Шавкат Мирзиёев.

Сайлауалды бағдарламада өңірді электрмен жабдықтауды одан әрі жақсартуға ерекше көңіл бөлінген.

– Әрине, алдағы жылдары ашылатын жаңа өндірістік қуаттардың арқасында облыста электр энергиясына деген сұраныс күрт артады. Осыған орай өткен жылы Ховоста Түркияның «Cengiz Energy» компаниясымен 150 миллион доллар инвестициямен қуаты 220 мегаватт болатын бу-газ электр станциясы іске қосылды.

Осы жылдың өзінде Сауд Арабиясының «Acwa power» компаниясы 1 миллиард 100 миллион доллар инвестициямен Бойовут ауданы мен Шірін қаласында тағы 1,5 мың мегаваттық жылу электр орталығын іске қоспақ. Сонымен қатар, алдағы екі жылда француз, жапон және қатар компанияларының консорциумы 1 миллиард 100 миллион доллар инвестиция құйып, қосымша 1,5 мың мегаватт заманауи жылу электр станциясын салады, деді кандидат.

Шавкат Мирзиёев Сырдария сайлаушыларымен болған кездесуде Өзбекстандағы жоғары білім беру жүйесін реформалау және мамандар даярлау сапасын арттыру жоспарлары туралы да айтты.

– Педагогика саласындағы университеттерді арнайы тәсілге сүйене отырып дамытамыз. Келесі оқу жылынан бастап біз бакалавриат педагогтарын даярлауды толықтай мемлекеттік грантқа көшіреміз. Магистратурада квота екі еселенеді және оны толығымен мемлекет төлейді. Кадрлары жеткіліксіз, білім сапасы нашар мектептер алдын ала таңдалып, оларға мақсатты мемлекеттік тапсырыстар енгізіледі. Осы арқылы біз оқуын аяқтаған жастарды осы мектептерге барып жұмыс істеуге ынталандыратын тартымды жүйе қалыптастырамыз. Сайып келгенде, 2030 жылға қарай балабақша тәрбиешілері мен мектеп мұғалімдері тек жоғары білімге ие болады, - деді үміткер.

Шавкат Мирзиёев студенттерді қабылдау жүйесін өзгерту туралы жоспарлары туралы айтты.

– Енді мектепте жастарымыздың алған бағасын есепке алу тәжірибесін енгіземіз. Келесі жылдан бастап талапкерлер 3 негізгі және 2 қосымша пәнді таңдап, тест тапсырып, нәтижесіне қарай жоғары оқу орнын, оқу саласын және оқу нысанын таңдау мүмкіндігіне ие болады.

Өздеріңіз білетіндей, біз шетел тілі бойынша халықаралық сертификаты бар талапкерлерге шет тілі емтиханын тапсырмау артықшылығын берген едік. Енді бұл артықшылықты математика, физика, химия, биология пәндері бойынша халықаралық деңгейде мойындалған сертификаттары бар жастарға қолданатын боламыз, – деді үміткер.

Сонымен қатар, мемлекеттік гранттармен қатар жұмыс берушілер және жоғары оқу орындары тарапынан гранттар беру тәжірибесі жолға қойылатыны айтылды.

– Мысалы, жылына 100 миллиард сум айналымы бар кәсіпорын өзіне қажет 30 жас маманға грант бөлсе, жылына орта есеппен 300 миллион сом жұмсайды. Кәсіпорындар қызмет түріне қарай осы шығын шегінде 30-35 миллион сум салық төлеуі керек. Кәсіпорындар мен жоғары оқу орындарының осы мақсаттарға бөлетін қаражаттары енді салық базасына кірмейді. Сонда жұмыс берушілер арасында дарынды жастарды тарту үшін күрес, жоғары оқу орындарында сапа бәсекесі артады, – деді Шавкат Мирзиёев.

Жыл сайын 5 мың профессор-оқытушы шетелге тәжірибе алмасуға жіберілетіні айтылды. Бұл мақсатқа 2030 жылға дейін 50 миллион доллар бөлу жоспарлануда.

– Сондай-ақ, жыл сайын 200 жас ғалымдарымызды кейін жоғары оқу орындарына оралып, сабақ береді деген шартпен шетелдік ғылыми ұйымдарға диссертация қорғауға жібереміз. Жоғары оқу орындарының Ғылыми кеңестеріне әлемнің беделді университеттерінің жетекші профессорларын тартудың уақыты келді, - деді кандидат.

Кандидат профессор-оқытушылар оқу жүктемесін 25 пайызға азайту жоспарланып отырғанын, бірақ жалақыны төмендетпейтінін айтты.

– Профессорлар мен оқытушылардың жағдайын одан әрі жақсарту бойынша реформаларды жалғастырамыз. Мәселен, бүгінде қатардағы көмекші мұғалімнің орташа жылдық оқу жүктемесі 1 мың сағаттан асады. Осындай үлкен жүктемемен ұстаз қашан ғылыммен айналысады, қашан өз бетімен жұмыс істейді? Сондықтан профессор-оқытушылар құрамының оқу жүктемесі 25 пайызға қысқарып, олардың ғылыми қызметпен айналысуына қосымша жағдай жасалады. Ең бастысы, олардың жалақысы қысқармайды. Өз саласы бойынша халықаралық деңгейде мойындалған кәсіби сертификаттары бар мұғалімдерге қосымша ынталандырылады. Сондай-ақ, мұндай сертификаты бар практиканттарға сабақ беру үшін магистр дәрежесі қажет емес, – деді Шавкат Мирзиёев.

Кандидат өңірлерде салынып жатқан үйлердің 25-30 пайызы профессор-оқытушыларға жеңілдікпен берілетінін хабарлады.

– Менің тағы бір ұсынысым бар. Оқу орындарында ұзақ жылдар қызмет еткен, ғылыми мектептер ашқан профессор-оқытушылар есімін осындағы кафедра, зертхана, кітапхана, аудитория, оқу корпустарына беру тәжірибесін енгізсек, қалай ойлайсыз, – деді кандидат.

Жиында партия өкілдері мен қонақтар сөз сөйлеп, Өзбекстан Республикасы Президенттігіне сайлауда Шавкат Мирзиёевтің кандидатурасын қолдайтындықтарын баса айтып, өзгелерді де соған шақырды.

З.ЖОНИБЕКОВ, ӨзА