Chinese
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
Шавкат Мирзиёев Сұрхандариядағы тоқыма кәсіпорнының қызметімен танысты
20:41 / 2023-11-17

Президент Шавкат Мирзиёев Термез қаласындағы «Indenim Textile» кластеріне қарасты тоқыма кәсіпорнының қызметімен танысты.

Бұл кәсіпорын 2019 жылы іске қосылды, оның жалпы құны 10 миллион доллардан асады. Германия, Жапония, Түркия, Қытайдан әкелінген озық технология мен құрал-жабдықтардың арқасында жылына 800 түрлі 9 миллион дана киім шығаратын қуаттылық жасалды. Оның бір бөлігі экспортқа шығарылса, негізгі бөлігі ішкі нарыққа – «Indenim» дүкендеріне жеткізіледі.

Мемлекет басшысы кәсіпорындағы жұмыс барысы және өндірілетін өнімдермен танысты.

– Елімізде тоқыма шикізаты бар, өнім сапасы да артып келеді. Тек бізде дизайн мектебі жоқ. Қазір әлемде стиль тез өзгеруде. Біздің киім тігетін кәсіпорындар бәсекеге қабілетті болуы үшін дизайн мектебін дамыту керек, – деді Шавкат Мирзиёев.

Осыған орай, мамандарды дайындау сапасын арттыру, мамандарды тәжірибе алу үшін Италия сияқты дизайн саласы озық елдерге жіберу жөнінде тапсырма берілді. Сондай-ақ нарықты зерттеп, болжау және бұл тұрғыда кәсіпкерлерге көмектесу қажеттігі айтылды.

Кәсіпорында моноцентр құрылып, жұмысшылар алдымен осында оқытылады. Бүгінде 800 әйел жұмыспен қамтылған.

«Indenim Textile» кластерінің мақта өсіру және өңдеу, иірілген жіп өндіру, киім өндіру және сату тізбегі құрылды. Оларда 9 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді.

Мемлекет басшысына кәсіпорынның алдағы жоспарлары туралы баяндалды. Алдағы уақытта мата тоқу және бояу, киім өндірісінің көлемі ұлғаяды. Бұл мақсатқа жалпы 55 миллион доллар инвестиция салынады. Нәтижесінде тағы 10 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Осымен Президент Шавкат Мирзиёевтің Сұрхандария облысына сапары аяқталып, Мемлекет басшысы Ташкентке қайтып оралды.