Қазақ
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
Шавкат Мирзиёев пен Гурбангулы Бердімұхамедов телефон арқылы сөйлесті
16:46 / 2024-12-05

5 желтоқсанда Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев пен Түркімен халқының ұлттық көшбасшысы, Түркіменстан Халық Кеңесінің Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов телефон арқылы сөйлесіп, Өзбекстан-Түркіменстан стратегиялық әріптестік қарым-қатынасын нығайту және көпжақты ынтымақтастықты кеңейтудің өзекті мәселелерін жан-жақты талқылады.

Түркімен халқының ұлттық көшбасшысы Мемлекет басшысына Түркіменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовтің сәлемі мен ізгі тілектерін жеткізді.

Бұрын қол жеткізілген келісімдердің орындалуы және алдағы жоғары деңгейдегі кездесулерге дайындық мәселелері тараптардың басты назарында болды.

Екі ел арасындағы өзара байланыстар мен алмасулардың айтарлықтай жанданғаны айрықша атап өтілді. Өткен айда Түркіменстанда өңірлік форум, өнеркәсіп көрмесі және Өзбекстан мәдениет күндері сәтті ұйымдастырылды. Бұған қоса, Ашхабад қаласында атақты ойшыл әрі ақын Махтумқұлы Пырағының өзбек тіліне аударылған шығармалар жинағының тұсаукесері өтіп, сонымен қатар оған арналған бірлескен көркем фильмнің тұсауы кесілді.

Жыл басынан бері тауар айналымы көлемі 1 миллиард АҚШ долларынан асты. Жүк тасымалы, оның ішінде Түркіменбашы порты арқылы тасымалдау көлемі артуда. «Шават-Ташавуз» шекаралық аймағының құрылысы жалғасып жатыр. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік және басқа да салалардағы кооперация кеңейіп келеді.

Энергетика және су ресурстарын пайдалану салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың перспективалары да талқыланды.

Халықаралық жағдай мен аймақтық күн тәртібі бойынша пікір алмасылды.

Әңгімелесу барысында Өзбекстан Президенті Түркіменстан көшбасшысын келе жатқан Бейтараптық күнімен шынайы құттықтап, бауырлас түркімен халқына бақ-береке, гүлдену тіледі.