Өзбекстан Либерал-демократиялық партиясынан Өзбекстан Республикасы Президенттігіне кандидат Шавкат Мирзиёев 15 маусымда Ферғана облысы сайлаушыларымен кездесті.
Шараны кандидаттың Ферғана облысы бойынша өкілі Мавлудахон Хожаева ашты. Ол кейінгі алты жарым жылда Шавкат Мирзиёевтің басшылығымен өңірде атқарылған жұмыстардың нәтижесін, халықтың әл-ауқатын, экономика салаларының дамуын айтып өтті.
Кездесуде Шавкат Мирзиёев өзінің сайлауалды бағдарламасы бойынша баяндама жасап, білім саласына ерекше назар аударды.

– Ферғана облысында мектепке дейінгі білім беру қажеттілігі 100 пайыз қамтамасыз етіледі. Ол үшін 2 мың жаңа мемлекеттік және жекеменшік балабақша ашылады. Сонымен қатар, 2030 жылға қарай заманауи мектептер салу, қолданыстағы мектептердің қуатын арттыру және жеке секторды қолдау есебінен қосымша 125 мың оқушы орны ашылады. Нәтижесінде екі еседен астам оқушысы бар 175 мектептің жүктемесі азаяды.
Бұл ретте облыстағы 350 мектеп толықтай жөндеуден өтіп, барлық мектептер заманауи компьютерлік сыныптармен жабдықталады, – деді Шавкат Мирзиёев.

Президенттікке үміткер медицина саласына қатысты жоспарлары туралы ақпарат берді.
– 2030 жылға қарай Ферғанада 100-ден астам медициналық мекеме салынып, жөнделеді. Жеке секторды салаға тарту арқылы тағы 300-ден астам жеке клиникалар құрылады (олардың саны 1 мың 100-ге дейін артады).
Облыстағы эндокринология, урология және кардиология орталықтар мен көпсалалы аурухана, жедел медициналық көмек көрсететін кластерді құруға 150 миллион доллар бөлінеді. Нәтижесінде бұл кластер жылына 100 мың пациентке жоғары білікті медициналық қызмет көрсететін болады.

Бүгінде облыста 7 мыңнан астам онкологиялық науқас сәулелік терапия алу үшін Ташкентке немесе көршілес облыстарға баруға мәжбүр. Сондықтан 10 миллион доллар инвестициямен «Сәулелік терапия орталығы» іске қосылады, деді кандидат.
Шавкат Мирзиёев алдағы жеті жылда өңірде заманауи әрі қолжетімді үйлердің құрылысы үш есеге ұлғаятынын да атап өтті.
- Ферғана қаласында 300 гектар аумақта жаңа «Эко қала» массивінің құрылысын бастадық. Осы аумақтың төрттен бір бөлігінде, яғни 70 гектарда «Жаңа Өзбекстан» саябағы, жасанды көл және демалыс саябағы орналасады. Бір сөзбен айтқанда, бұл қалашық халқымыз үшін жайлы, қауіпсіз және қолайлы мекенге айналады. Бұл қалашықта 15 мың үйге арналған 300 көпқабатты үй пайдалануға беріледі (биыл 80 көпқабатты үй салынады). Жалпы, алдағы жеті жылда облыста 2500 көпқабатты тұрғын үй құрылысының арқасында 100 мың отбасы жайлы баспанаға ие болады. Бұл үшін 2,5 миллиард доллар бөлінеді, - деді Президенттікке үміткер.

Шавкат Мирзиёев Қоқандағы өртке қатысты пікір білдірді.
–Осы аптада Қоқандағы базар болған өрт жүздеген кәсіпкерлерге шығын әкелді. Оларға сабыр берсін, біз ешкімді көмексіз қалдырмаймыз. Бұл базар бір айдың ішінде толық қалпына келтіріледі, біз ол үшін барлық күш-қуатымызды жұмылдырамыз. Кім қай дүкенде жұмыс істеген болса, кәсібін сонда жалғастырады. Өрттен зардап шеккен барлық кәсіпкерлердің несиелері мен салық төлемдері кейінге қалдырылады. Олардың қайтадан «аяққа тұруы» үшін айналым қаражатына жеңілдетілген несиелер бөлінеді. Базарға іргелес аумақтардағы өрттен зардап шеккен тұрғындардың үйлері толық жөнделеді. Жетекші жобалық ұйымдарды тартып, базарларды заманауи, ыңғайлы, қауіпсіздіктің барлық талаптарына жауап беретін сауда кешеніне айналдыру үшін үлкен бағдарлама қабылдаймыз, – деді Шавкат Мирзиёев.

Кандидат өңірдегі инфрақұрылымды жақсарту жоспарлары туралы ақпарат берді.
Қытайдың 900 миллион доллар инвестициясы есебінен 2 аудандарында қуаты 900 мегаватт күн электр станцияларын іске қосу жоспарлануда.
Облыс тұрғындарын электрмен қамтуды жақсарту мақсатында 8 мың шақырым желі мен 2 мың трансформатор жаңартылып, 10 мың шақырым жол мен 170 көпір жөнделетін болады.

Сонымен қатар жиында халықты әлеуметтік қолдау, махалла жүйесін кеңейту, су, жер ресурстарын тиімді пайдалану бағытында нақты жоспарлар мен мақсаттар айтылды. Үміткер әрбір бастама мен жоспардың нақты есебі бар екенін айтып, солардың негізінде өңірді дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы қабылданып, оған жалпы сомасы 25 миллиард доллар бөлінетінін жеткізді.
Президенттікке кандидат кездесуде Өзбекстан Қаһарманы Лола Муродованы еске алды.
–Облыстың адал шаруалары мен диқандары туралы сөз қозғағанда, Өзбекстан Қаһарманы, «Алтиарық» ауданының перзенті Лола Муродова еске түседі. Лайым рұхы пейіште шалқысын. Бұл еңбекқор, асыл адам өзбек әйелдерінің символы еді. Ол кісіні бәріміз жақсы көріп, құрметтейтінбіз.
Бүкіл саналы ғұмырын елдің өркендеуіне, Ферғананың көркейуіне арнаған осынау ұлы жерлесіміздің есімін мәңгілікке қалдыру мақсатында облыста Лола Муродова атындағы фермерлер мектебін құрсақ, бұл ұсынысқа қалай қарайсыз?,- деді Шавкат Мирзиёев
Кездесуге жиналғандар бұл ұсынысты қошеметпен қолдады.
- бұл мектепте Ферғана емес, барлық облысымыздың диқандары білімдерін шыңдап, біліктілігін арттырса, жоспарға сай болады деп ойлаймын», - деді кандидат.
Кандидат фермерлер мен кластерлер қызметінің құқықтық кепілдіктерін күшейту жоспарланып отырғанын хабарлады.
Атап айтқанда:
- кластерлер мен фермерлер арасындағы шарттық қатынастар толығымен қайта қаралады;
- кластерлердің фермерлерге көрсететін қосымша қызметтері олармен өзара келісім негізінде бөлек есептеледі;
- бұдан былай ауданда жоспар орындалмай жатыр, мал, құс немесе балық шаруашылығы жем-шөпке мұқтаж деген сылтаулармен шаруалардың қызметіне араласуға үзілді-кесілді тыйым салынады;
- Ауыл шаруашылығы министрлігі жүйесі, әкімдер фермер және кластерлердің өнімдерін өткізу нарығын табуға көмектесумен айналысады;
- фермерлердің қызмет түрін өзгерту оңайлатылады;
- ауыл шаруашылығы кластерлері мен фермерлердің жерлерін нақты нарықтық активке айналдырудың жаңа жүйесі құрылады. Бір сөзбен айтқанда, жерді жалға беру құқығын басқа адамға беруге, сыйға тартуға, несие алу үшін кепілге қоюға болады.
Жиын соңында партия өкілдері мен шақырылған қонақтар сөз сөйледі. Олар сайлауалды бағдарламаға енген әрбір бастама облыс тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға қызмет ететінін, Өзбекстан Республикасы Президенттігіне сайлауда Шавкат Мирзиёевтің кандидатын қолдайтынын атап өтті.
З.ЖОНИБЕКОВ, ӨзА