Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мирзияев бүгін, 24 маусымда «БРИКС плюс» жаһандық даму жөніндегі жоғары деңгейдегі диалогқа қатысады.
Қытай төрағалығымен өтетін онлайн шараға БРИКС тобының елдері – Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Африка Республикасының мемлекет және үкімет басшылары сондай-ақ Аргентина, Индонезия, Алжир, Малайзия, Мысыр, Иран және Қазақстан басшылары қатысады. Жалпы 18 елден делегация қатысады деп күтілуде.
Форумның күн тәртібінде 2030 жылға дейінгі тұрақты даму күн тәртібін жүзеге асыруда жаһандық серіктестікті нығайту бар. Ең алдымен, «жасыл» экономика, жоғары технологиялар, инновациялар, цифрландыру, көлік-логистика, гуманитарлық алмасу салаларындағы практикалық ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударылады.
Өзбекстан Президенті өз сөзінде Тұрақты даму мақсаттарына бірлесіп қол жеткізудегі кең халықаралық ынтымақтастықтың басымдықтарын атап өтеді.
Айта кетелігі, жаңа «БРИКС плюс» форматы БРИКС-ке мүше мемлекеттер мен басқа да жетекші дамушы елдер арасында өзара тиімді және көп қырлы ынтымақтастық орнатуға арналған.
Форум өзара сауда мен инвестицияны ілгерілетуде, озық технологиялар мен білім трансфертінде, ынтымақтастық пен көлік-коммуникациялық байланыстарды дамытуда, қауіпсіздік саласындағы сындарлы диалогты нығайтуда маңызды рөл атқарады.
БРИКС елдерінде 3 миллиардтан астам адам тұрады, олардың үлесіне әлемдік ЖІӨ-нің шамамен 25 пайызы, әлемдік сауданың шамамен 20 пайызы және тікелей инвестицияның 25 пайызы тиесілі.