Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мирзияев 15 қыркүйекте ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Өзбекстанға іскерлік сапармен келген Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровпен кездесті.
Қырғызстан басшысы Шавкат Мирзияевқа әркезгідей жылы лебізі үшін ризашылығын білдіріп, Самарқандта атқарылып жатқан ауқымды құрылыс жұмыстарын атап өтті.
Президенттер стратегиялық әріптестік қағидаттарына негізделген жемісті екіжақты ынтымақтастық оң қарқынмен дамып келе жатқанын сөз етті. Өзара сауда қарқынды дамып келеді, жыл басынан бері оның көлемі 30 пайызға артты.

Өнеркәсіп, энергетика, ауыл және су шаруашылығы, көлік салаларында бірлескен ынтымақтастық жобалары жүзеге асырылуда. Аймақаралық және мәдени-гуманитарлық алмасулар кеңейіп келеді.
Бүкіл Орталық Азия өңірінің дамуына қызмет ететін «Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан» темір жолы мен Қамбарата-1 су электр стансасының құрылысын бастаудың маңыздылығына ерекше назар аударылды.
Болашақ жоғары деңгейдегі диалогтар жоспары мен өңірлік және халықаралық маңызы бар өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасылды.