16 қыркүйек күні Самарқандта Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мирзияев Шанхай ынтымақтастық ұйымының мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысу үшін Өзбекстанға келген Үндістан Республикасының Премьер-Министрі Нарендра Модимен кездесу өткізді.
Сұхбат басында Мемлекет басшысы жоғары мәртебелі мейманды Үндістан тәуелсіздігінің 75 жылдығымен шын жүректен құттықтады.
Тараптар өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі тереңдету және стратегиялық серіктестік қатынастарын кеңейту мәселелерін талқылады.
Екіжақты қарым-қатынастардың даму қарқыны атап өтілді. Тараптар өзара мүдделі барлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту үшін бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендіктерін растады.
Мемлекет басшылары өзара сауда көлемі артып келе жатқанын атап өтті. Биылғы жылдың басынан бері тауар айналымы 30 пайызға өкен болса, соңғы алты жылда бірлескен кәсіпорындар саны 5 есеге өсті.

IT, денсаулық сақтау, фармацевтика, ауыл шаруашылығы және туризм салаларында инвестициялық жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Алдағы жылдары өзара тауар айналымын 1 миллиард долларға жеткізу жоспарлануда.
Сауда-экономикалық, инвестициялық, ғылым және білім саласындағы ынтымақтастық бағдарламаларын, сондай-ақ инвестицияларды ынталандыру және өзара қорғау туралы келісімді жедел қабылдап, жүзеге асыру қажет екені айтылды.
Екі елдің өңірлері арасындағы әріптестік қарым-қатынасты нығайтуға ерекше назар аударылды.
Өзбекстанның Үндістанмен көлік байланысын нығайтуға, оның ішінде «Чобахор» портын пайдалануға мүдделі екені атап өтілді.

Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері келіссөздердің ерекше тақырыбы болды. Кейінгі жылдары Өзбекстанда Үндістанның үш университеті ашылды.
Бірінші «Үндістан – Орталық Азия» онлайн саммитінің нәтижелері жоғары бағаланып, осы платформа аясында қабылданған келісімдерді жүзеге асырудың маңыздылығы атап өтілді. Үндістан тарапына БҰҰ Бас Ассамблеясының Орталық және Оңтүстік Азия арасындағы өзара тәуелділікті нығайту жөніндегі қарарын қолдағаны үшін алғыс айтылды.
Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсету және оның экономикасын қалпына келтіруге көмектесу мәселесі бойынша пікір алмасылды. Нарендра Моди Өзбекстанның бұл бағыттағы күш-жігерін құптады.
Ынтымақтастықтың басым бағыттары бойынша бірлескен жобалар мен бағдарламаларды ілгерілету бойынша қосымша шаралар қабылдау келісілді.