12 шілдеде Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзияев Еуразиялық экономикалық комиссия Комитетінің төрағасы Михаил Мясниковичті қабылдады.
Еуразиялық экономикалық одақ аясында бірінші кезекте сауда, өнеркәсіптік кооперация, көлік-логистика, инновациялар, көші-қон және туризм салаларындағы өзара ынтымақтастықтың басым бағыттары қарастырылды.
Мемлекет басшысы Өзбекстанның бақылаушы мемлекет ретінде ұйым құрылымдарымен жүйелі ынтымақтастық орнатқанын атап өтті.

Тиісті меморандум және 2023 жылға дейінгі кезеңге арналған Бірлескен іс-шаралар жоспары жүзеге асырылуда. Бүгін ынтымақтастықтың қосымша бағыттарының тізіміне қол қойылды.
ЕАЭО елдерімен өзара сауда және инвестиция көрсеткіштері оң қарқынмен өсіп келе жатқаны атап өтілді.

Сауда кедергілерін жою, өндірістік кооперацияны нығайту және іскерлік қарым-қатынастарды ынталандыру, жобалық кооперацияны дамыту, транзит саласындағы бағдарламалар мен жобаларды ілгерілету, көші-қон рәсімдерін жеңілдету және өзара туристер ағынын кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Бірлескен Жұмыс тобының келесі отырысын өткізуге келісілді.