Бүгін, 18 мамырда Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзияевтің төрағалығымен өткен бейнеконференцияда Денсаулық сақтау министрлігі, оның облыстық, аудандық және қалалық бөлімшелері мен жергілікті атқарушы органдардың медицина саласындағы реформаларды іске асыру деңгейі егжей-тегжейлі талқыланды.
Жиында Мемлекет басшысы медициналық жүйеде бес бағыт бойынша күрделі өзгерістер енгізу керектігін айтты.
Бірінші – алғашқы медициналық көмек бөлімін ауруды ерте анықтайтын және емдейтін жүйеге айналдыру.
Екінші - мамандандырылған орталықтармен жергілікті жерлерде көрсетілетін медициналық қызметтердің көлемін көбейту және сапасын түбегейлі жақсарту.
Үшінші - цифрландыру арқылы қағазбастылықты, бюрократияны және саладағы сыбайлас жемқорлықты күрт азайту.
Төртінші - медицинаның барлық салаларында бәсекенің дамуына және жеке сектордың тез енуіне толық қолдау көрсету.
Бесінші - медициналық кадрлардың білімін арттыру, ғылымды дамыту.
Отырыста осы міндеттерді қалай ұйымдастыруға болатындығы туралы денсаулық сақтау министрінің орынбасарлары, облыс, аудан, қала әкімдерінің, медициналық мекемелер басшыларының ақпараты тыңдалды.