Шавкат Мирзияев ауыл шаруашылығын модернизациялау жөнінде жиын өткізді
Жиында ең алдымен Дүниежүзілік банк тарапынан берілген 500 миллион долларлық несиені пайдалану жөніндегі жобалар талқыланды
Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мирзияев 6 тамызда Дүниежүзілік банктің қатысуымен «Ауыл шаруашылығын модернизациялау» жобасын іске асыру туралы бейне байланыс жиынын өткізді, деп хабарлайды Президент баспасөз қызметі.
Жиында ең алдымен Дүниежүзілік банк тарапынан берілген 500 миллион долларлық несиені пайдалану жөніндегі жобалар талқыланды.
Президенттің тапсырмасына сәйкес, жобаларды жоспарлауда ғылымды дамыту мен алдыңғы қатарлы технологияларды енгізу басымдыққа ие болған 87 млн доллар қаржы 10 ауылшаруашылық ғылыми-зерттеу институттары, 4 мамандандырылған орталықтардың қызметі мен материалдық-техникалық базасын жақсартуға бөлінген.
70 млн доллар, көшеттер жеткізуге, фитосанитарлық, геоақпараттық және сертификаттау қызметтерін көрсететін агроқызмет орталықтарын құруға жұмылдырылған. 10 млн доллар қаржыға ауыл шаруашылығын цифрландыру арқылы жердің құнарлылығы, топырақ құрамын талдау, минералды тыңайтқыштардың түрі мен мөлшері, салықтар, көлік және логистика, өнім нарықтары туралы ақпарат алу мүмкіндігі жасалатын болған.
Мемлекет басшысы кез-келген ғылыми-зерттеу мекемесі мен орталығы ғылыми әзірлемелерді сататын коммерциялық ұйымға айналуы керек деп айтып, «Егер біз ауыл шаруашылығын ғылыммен басқармайтын болсақ, қанша шығын жасамайық ол нәтиже бермейді. Әр жоба пайда әкелуге, кірісті арттыруға қызмет етуі керек. Біздің басты мақсатымыз - экспорт. Стандартқа сәйкес келетін ғылыми негізделген өнім болса, онда оған нарық табылады» - деді Шавкат Мирзияев.
200 миллион доллар аймақтарда кооперативтер мен кластерлерді дамытуға бөлінген болса, халықаралық қаржы институттарынан Ферғана алқабына қосымша 54 миллион доллар және Хорезм облысына 100 миллион доллар бөлінген.
Президент осы бөлінген қаражаттың әр долларын үш долларға жеткізу жөнінде жеңілдетілген несиелерді қайтару туралы нақты есептік негізбен жұмыс жасау керектігін айтты.
Бұдан бөлек интенсивті бау-бақша алқаптарын кеңейтуге 65 миллион доллар бөлу жоспарлануда. Олар Ташкент облысында 500 гектарға, Әндіжан, Бұхара, Наманган, Ферғана мен Самарқандқа 300 гектардан, Жыззаққа 250 гектарға, Қашқадария мен Сұрхандарияға 200 гектардан, Қарақалпақстанға 100 гектарға жаңа бау-бақшалар алқабын жасау жоспарлануда.
Заманауи агро логистикалық орталықтар мен кешендерді құруға тағы 65 миллион доллар бөлінді.

