Шанхай қаласында экономикаға арналған ұлттық деңгейдегі көрме – «China International Import Expo (CIIE)» және Хунцяо халықаралық экономикалық форумының ашылу салтанаты өтті.
Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік кеңесінің Премьер-министрі Ли Цян ашқан беделді шараға 129 елден жалпы 3,5 мыңға жуық қатысушы, сонымен қатар әлемнің 500-ден астам ең беделді өнеркәсіп компанияларының жауапты өкілдері бас қосты.

Көрмеде 400-ден астам өнім, заманауи технология құралдары және жаңа қызмет түрлері ұсынылған. Сарапшылардың пікірінше, глобал компаниялардың Қытай нарығына жоғары сенім білдіруін көрсететін бұл көрме тікелей әлем экономикасының дамуына қызмет етеді.

Форумның ашылуында Өзбекстан Премьер-Министрі Абдулла Арипов сөз сөйледі. Сонымен қатар, Дүниежүзілік сауда ұйымының Бас директоры Нгози Оконжо-Ивеала, Малайзия Премьер-министрі Анвар Ибрахим, Словакия Премьер-министрінің орынбасары Дениса Сакова, Моңғолия Премьер-министрі Лувсаннамсрайн Оюун-Эрдэнэ, Сербия Премьер-министрі Милош Вучевич және Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов те сөз алды.

Әртүрлі мемлекеттердің делегаттары экономиканы дамыту, өнеркәсіп тізбегін жетілдіру және модернизациялау, өнеркәсіпте жасанды интеллект тәжірибесі сияқты өзекті тақырыптарда баяндама жасады.

Айта кетейік, 10 қарашаға дейін жалғасатын ірі шарадан ақпарат таратуға 3 800-ге жуық жергілікті және шетелдік БАҚ өкілдері тартылған.