Футболдан әлем және Еуропа чемпионы Серхио Рамос «Five Eleven Capital» холдингімен бірлесіп, Испанияның «Севилья» футбол клубын сатып алу бойынша алдын ала келісімге қол жеткізді.
Бұл туралы Cadena SER басылымы хабарлады.
Дереккөздің мәліметінше, ай соңына дейін аяқталуы жоспарланып отырған мәміленің жалпы құны 450 миллион еуроны құрайды. Қазіргі таңда Рамос пен оның серіктестері клубтың қаржылық жағдайын зерделеп жатыр. Айта кетерлігі, «Севилья» клубының акционерлері ұсынысты мақұлдаған.
39 жастағы Серхио Рамос — «Севилья» академиясының түлегі. Ол негізгі құрамда 2004–2005 және 2023–2024 жылдары өнер көрсеткен. Футболшының соңғы клубы — Мексиканың «Монтеррей» командасы.
Рамос Мадридтің «Реал» клубы сапында бес рет Испания чемпионы атанып, екі мәрте ел кубогын жеңіп алған. Сонымен қатар, ол төрт рет Чемпиондар лигасы мен Клубтар арасындағы әлем чемпионатының, үш рет УЕФА Суперкубогының жеңімпазы атанған.
Ал Испания ұлттық құрамасы құрамында 2010 жылы әлем чемпионы, 2008 және 2012 жылдары Еуропа чемпионы болды.