Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің шақыруымен елімізде ресми сапармен жүрген Сербия Республикасының Президенті Александр Вучич 29 қазан күні жұбайымен бірге Ташкент қаласында салынған Ислам өркениеті орталығына барды.
Бұл орталық – Ислам сәулет өнерінің нағыз жауһары әрі Өзбекстанның Үшінші ренессанс дәуірінің нышаны саналады.

Жоғары мәртебелі мейманға Премьер-министрдің орынбасары А.Раматов, орталық басшылығы мен ғалымдар жолсерік болып, әлемде теңдесі жоқ бұл ірі сәулет кешенінің ислам әлемі мен жаһандық ғылым кеңістігіндегі орны туралы жан-жақты мағлұмат берді.

Президент Александр Вучич орталықтың музейі, көрме залдары, архиві, ақпараттық технологиялар орталығы, қолжазбалар бөлімі, сондай-ақ каллиграфия мен ислам мұрасын сақтау бағытындағы инфрақұрылымдармен танысты.

Сондай-ақ орталық аумағында орналасқан Ислам академиясы, ақпараттық-ресурстық орталық, конференция залы және басқа да нысандардың өзіндік сәулеттік ерекшеліктері меймандарға ерекше әсер қалдырды.

Қазіргі заманғы қала құрылысы жағдайында мұндай сәулеттік ескерткіштердің маңызы, Орталықтың мақсаттары мен міндеттері туралы да кеңінен ақпарат айтылды.
Көне сәулет дәстүрлері мен ұлттық нақыштардың үйлесімінде бой көтерген бұл нысанның төрт бұрышында биіктігі 34 метрлік мұнара, ал ортасында ұлттық үлгідегі 65 метрлік күмбез орнатылған. Оның айбынды келбеті меймандарды ерекше тәнті етті.

Президент Александр Вучич орталықтағы экспозициялармен танысып, халқымыздың бай тарихи және рухани мұрасын кеңінен танытуға бағытталған осындай игі істердің жоғары нәтиже беретініне сенім білдірді.
<iframe width="463" height="823" src="https://www.youtube.com/embed/alIHZdSR470" title="Serbiya Prezidenti Islom sivilizatsiyasi markaziga tashrif buyurdi" frameborder="0" allow="accelerometer; autoplay; clipboard-write; encrypted-media; gyroscope; picture-in-picture; web-share" referrerpolicy="strict-origin-when-cross-origin" allowfullscreen></iframe>А.РУСТАМОВ,
Р.НАЗАРМАТОВ (сурет), ӨзА