Парламентаралық одақтың 150-ассамблеясына орай Өзбекстанға арнайы келген Мысыр Араб Республикасы Парламенті Өкілдер палатасының төрағасы Ханафи Әли әл-Гебалимен Олий Мажлис Сенатында кездесу өтті.
Сенат төрайымы Танзила Нарбаевамен өткен жүздесуде Өзбекстан мен Мысыр арасындағы достық пен өзара сенімге негізделген парламентаралық байланысты одан әрі тереңдету жайы кеңінен сөз болды. Тараптар Таяу Шығыстағы сенімді серіктес саналатын Мысыр елімен ынтымақтастықты жаңа сатыға көтеру қажеттігін атап өтті. Екі елді тарихи тамырластық, мәдени үндестік пен ортақ дәстүрлер байланыстыратыны, бұл өз кезегінде өзара қарым-қатынасты бекемдеуге берік іргетас болары сөз болды.
Кездесу барысында Мемлекет басшылары деңгейінде жасалған келісімдердің тиянақты орындалуын қамтамасыз ету үшін парламентарийлердің белсенді бақылауы маңызды екені айтылды.

Сенат төрайымы мен мәртебелі мейман Өзбекстан мен Мысыр парламенттеріндегі достық топтарының жұмысын жандандыру, заң шығару тәжірибесімен алмасу, бірлескен іс-шаралар өткізу мәселелеріне баса назар аударды.
Сондай-ақ екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды дамытуға заңнамалық қолдау көрсету жайы талқыланды.
Кездесу соңында Ханафи Әли әл-Гебали Сенаттың Құрметті қонақтар кітабына қолтаңбасын қалдырып, бұл сәттің достық тарихында естелік болып қалатынын жеткізді.