Олий Мажлис Сенатында БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) Өзбекстандағы тұрақты өкілі Акико Фудзиимен кездесу өтті.
Сенат басшысы Танзила Нарбаевамен кездесуде Өзбекстанда жүзеге асырылып жатқан кең ауқымды және жүйелі реформалар, әсіресе әйелдерді қолдау, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және әлеуметтік салалардағы жетістіктер талқыланды.

Мемлекеттік кеден комитетінде гендер стандарттары енгізілгені және «Күміс гендер сыйлығы» иегері болғаны атап өтілді.
Кездесуде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласында Президент жүргізіп отырған саясаттың оң серпін беріп отырғаны айтылды. Мемлекеттік қызметкерлерді даярлау, ашықтықты арттыру, сондай-ақ жергілікті органдарда есептілікті күшейту бойынша атқарылып жатқан шаралар жөнінде пікір алмасты.
Ынтымақтастықтың басым бағыттары ретінде аймақтарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүйесін жетілдіру, қыз-келіншектердің қоғамдағы рөлін арттыруға бағытталған бағдарламаларды іске асыру бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді.