Өзбекстан Республикасы Олий Мажлис Сенатының Төрайымы Танзила Нарбоева Америка Құрама Штаттары Мемлекеттік хатшысының жаһандық байланыстар жөніндегі көмекшісі міндетін атқарушы Элизабет Кеннеди Трюдоны қабылдады.
Кездесу барысында Өзбекстан - Америка ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен келешегі, оның ішінде парламентаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.
Екі ел парламенттері арасындағы қарым-қатынасты кеңейтудегі «Өзбекстан бойынша Кавкус» (достық тобы) жұмысының рөлі мен тиімділігі атап өтілді.
Диалог барысында саяси, сауда-экономикалық, әлеуметтік, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты, оның ішінде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, әйелдердің қоғамдағы рөлін нығайту, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша пікір алмасылды.

Атап айтқанда, Өзбекстан парламенті мен үкіметінің әйелдер құқығын қорғау және қолдау бойынша қабылдап жатқан шаралары, сондай-ақ әйелдердің әлеуметтік және экономикалық белсенділігін арттыруға бағытталған реформалар сөз болды.
Кездесуде сауда-экономикалық қатынастарды белсенді дамыту, екі ел үкіметтері арасындағы тұрақты саяси қарым-қатынасты жандандыру, жергілікті билік органдарымен тығыз қарым-қатынас орнату, жекелеген сектор басшыларының өзара сапарларын жүзеге асыру жөнінде пікір алмасылды.